Абай облысында биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп ашылды

Абай облысында биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп ашылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты. Оқушы орындарының тапшылығын азайту және білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Абай облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл 4 мектеп (Семей қаласы Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық, Аягөз қаласында 600 орындық) ашылды. Қазіргі таңда Семей қаласындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда», – деді облыс әкімі. 

Апатты мектептерді жою бағытында Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы биылғы жылдың шілде айында басталды. Бұдан бөлек Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерде қосымша ғимараттар салынуда.

Семей қаласында 2024 жылдан бері 500 орындық көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп келеді. Нысанның бүгінгі дайындығы 75%, толық аяқтау үшін арнайы мемлекеттік қордан 7,6 млрд теңге бөлінді.

Биыл облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынды. Жыл соңына дейін «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы 36 мектепке 58 кабинет орнату жоспарланған.


#Абайская область, #Знание, #школа