Абай облысында «Таза Қазақстан» аясында студенттерге экологиялық дәріс өтті
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Шәкәрім университетінің орман шаруашылығы мамандығының студенттері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлерімен кездесті.

Шара барысында мамандар студенттерге орман шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар, орманды қорғау және қалпына келтіру шаралары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ орман өрттерінің алдын алу, орман ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселелері талқыланды.
Бүгінгі лекцияда біз орман өрттерінің алдын алу және орманды күтіп-баптау жайында пайдалы ақпарат алдық. Адамзат өмірі орман мен табиғатқа тікелей тәуелді деп ойлаймын. Ауамыздың тазалығы мен өмір сапасы да орманға байланысты. Сондықтан біз, болашақ мамандар ретінде, орманды сақтау мен көбейтуге өз үлесімізді қосуымыз керек, – деді Шәкәрім университетінің екінші курс студенті Айдана Хизатоллаева.

Студенттер экология саласында білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ сұрақ-жауап форматында өз ойларымен бөлісіп, экологиялық мәселелер бойынша пікір алмасты.
- Біз осындай кездесулер арқылы жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттыруды көздейміз. Экологиялық мәдениеті жоғары ұрпақ – елдің болашағына қосылған үлес, – деп атап өтті «Семей орманы» туризм және рекреация бөлімінің басшысы Кәусар Рамазанов.
#Экология, #Абайская область, #студент, #Акция" Таза Қазақстан"