Абай облысында ІТ колледжі ашылады

Абай облысында ІТ колледжі ашылады

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тұрғындарының әлеуметтік желіде көтерген, яғни рұқсат етілмеген гараждарды, әлеуметтік, спорттық және қоғамдық орындарға кіруге шектеу қою туралы арыздары бойынша және білім, әлеуметтік орындарды аралады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Бірінші нысан Жамақаев көшесіндегі қоғамдық кеңістік болды. Оның аумағында баскетбол алаңы мен демалыс орнын құру жоспарланып отыр. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовпен бірге спорт алаңдарын орналастырудың оңтайлы аумағы анықталды.

Аймақ басшысы Бегалин мен Челюскинцев көшелерінің қиылысындағы металл гараждардың орналасуымен де танысты. 

 

Танысу барысында тұрғындардың бос уақытын өткізетін қоғамдық кеңістік жасау, сондай-ақ жастарға арналған аула клубын ашу идеясы ұсынылды.Келесі барған жер Құзіреттілік орталығының (ҚБЖО) әкімшілік ғимараты болды. Орталық студенттері жаңа цифрлық жобаларды ойлап тауып, мобильді қосымшалар әзірлейді және жыл сайын WorldSkills чемпионатында жүлделі орындарға ие болады. Олар дауыстық командаларға жауап беретін «Ақылды үй» жобасын ұсынды. Өз кезегінде Нұрлан Ұранхаев студенттерге тәжірибелік сабақтардан өту орындарын ұсынды.

«Бізге IT мамандар қажет, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Мамандарға тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар практикалық тәжірибе үшін нақты мүмкіндіктер болуы тиіс. Ең бастысы, бізде адами капиталымыз және болашақ көшбасшыларымыз бар. Біз өз кезегімізде оларға көмектесеміз», - деді облыс әкімі.

Өңірдегі ІТ саласының қарқынды дамуын ескере отырып, 2024 жылдың екінші жарты жылдығында Семей қаласы Затаевич көшесі 4 үй мекен-жайында орналасатын IT және робототехника жоғары колледжін ашу қарастырылған. 

Қазіргі таңда терезелерді жөндеу, электр қуаты және жылу жүйелері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес ғимараттың шатыры мен қасбеттін жөндеу, оқу ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстары, «ақылды жылыту мен жарықтандыруды» енгізу, сондай-ақ кеңістікті жобалау қарастырылған.

Арнайы аралау барысында Нұрлан Ұранхаев орынбасарлары мен басқарма басшыларына барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.