Абай облысында жас ғалымдарға арналған «Ғалымдар үйі» салынады
Бүгін Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде өткен «ABAI SCIENCE FEST» аясында облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі жас ғалымдармен кездесті.

Іс-шараға Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University, Семей медицина университеті, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығы, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымдары қатысты. Фестиваль аясында ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, агротехнология, медицина, жасанды интеллект, биотехнология, ядролық технологиялар, экология және тағам өндірісі бағытындағы инновациялық әзірлемелер таныстырылды.

Сонымен қатар жас ғалымдардың ғылыми өнімдерінің көрмесі мен дегустация аймағы ұсынылды. Шәкәрім университетінің ғалымдары агротехнопарк, инженерлік және зертханалық жобаларын таныстырса, Семей медицина университетінің студенттері онкология, ЭКГ талдау және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жасанды интеллект негізіндегі жобаларын көрсетті. Ал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі атом энергетикасы, радиациялық технологиялар және өнеркәсіптік инновациялар саласындағы жұмыстарын ұсынды.

Абай облысында 150 мыңнан астам жас тұрады. Бұл өңір халқының төрттен бір бөлігі. Облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде 40 мыңнан астам студент білім алса, ғылым саласында 830 жас ғалым мен зерттеуші еңбек етуде. Кездесуде аймақ басшысы өңірдің ғылыми әлеуетін күшейту, қолданбалы ғылымды дамыту және жастардың өңірде тұрақтап, ғылыммен айналысуына жағдай жасау мәселесіне ерекше тоқталды.

«Өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту үшін Семей қаласының солтүстік бөлігінде жаңа Smart City аудан аумағында арнайы заманауи «Ғалымдар үйі» салынатын болады. Аталған орталықта облыс үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті зертханалар, заманауи құрал-жабдықтар және тиісті инфрақұрылым қарастырылады. Ғылыммен айналысатын жастардың алаңсыз еңбек етіп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Бірінші кезекте, баспана. Осы орайда қала әкіміне «Otbasy Bank»-пен бірлесіп жас ғалымдар категориясын «Абай жастары» бағдарламасына қосуды тапсырамын. Жастар, сіздер өңіріміздің қоғамдық белсенді әрі зерделі азаматтары ретінде қоғамдық бірлестік құра аласыздар. Мұндай бастама көтерсеңіздер, Жастар саясаты басқармасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл ұйымды қаржыландырады. Сонда бүкіл өңірлік ғылымға қатысты сұрақтарды әкімдікпен, бизнеспен, ғылыми қауымдастықпен бірлесіп шешетін боласыздар», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі өңірлік ғылымды дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырды. Жоспар жобасын қалыптастыру барысында жас ғалымдардың ұсыныстары ескерілетін болады. Жиын соңында аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбековке құжатты жас ғалымдармен бірлесіп жан-жақты талқылап, нақты ұсыныстар негізінде қабылдауды жүктеді.
#Знание, #Аким области Абай, #ученый