Абай облысының әкімі үздік педагогтерді марапаттады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев 2024 жылғы республикалық және облыстық «Үздік педагог» байқау жеңімпаздарымен кездесті. Бұл шараға республикалық кезеңде жеңімпаз атанған 3, облыстық кезеңнің 7 жеңімпаз педагогі қатысты.
Облыс әкімі мұғалім мамандығының рөлі ерекше екендігін айта келіп, олардың қоғам дамуына қосып отырған үлестеріне тоқталды.
«Шәкіртті білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиетті бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше.Қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Үздік педагог – бұл тек байқаудың атауы емес, ол сіздердің адал еңбектеріңіз бен ұрпақ тәрбиесіне қосқан орасан зор үлестеріңіздің айқын дәлелі. Абай облысы әрдайым ұстаздарды қолдауға және білім саласын дамытуға басымдық береді,» – деді аймақ басшысы.
Кездесуге қатысушылар ұстаздық жолындағы тәжірибелері мен қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы пікір алмасты. Педагогикалық қызметтің қиындығы мен маңызы, сондай-ақ білім сапасын көтеру жолындағы бағыттар жайлы әңгімеледі.
«Үздік педагог» атағы - біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл марапат – тек менің емес, бүкіл ұжым еңбегінің нәтижесі. Біз бар күшімізді сала отырып, білім сапасын арттыруға және балаларға сапалы білім беру үшін жұмыс істейміз», -деді «Үздік педагог» атағының иегері Айнаш Узбекова.
Кездесуге 52 жыл еңбек өтілі бар «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкежанова мен 43 жыл еңбек өтілімі бар «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Наталья Тегай да арнайы шақырылды.
Шара барысында педагогтерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
#Абайская область, #Лучший педагог