Ауыл оқушыларына үздік мектептердің педагогтері онлайн сабақ береді
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында ауыл мектебінде білім сапасын қалай арттыруға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022-2023 оқу жылында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге жалпы 4500 бала қабылданды. Оның ішінде 20% ауылдық жерлердің оқушылары. Ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру үшін 2023-2024 оқу жылында 5 өңірде (Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында) «Цифрлық технологияларды пайдаланып шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Ілкі жобаны іске асыру аясында ауылдағы шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді қашықтан оқыту ұйымдастырылады», - деп жазады вице-премьер.
Алтай Көлгіновтің мәліметі бойынша ауыл мектептерін цифрлы форматта оқытуға көшіру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Атап айтқанда, жетекші мектептердің үздік педагогтері шағын жинақты мектептерде стриминг (онлайн дәріс) арқылы аптасына 2 рет «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «Ағылшын тілі» пәндерінен 20-25 минуттық онлайн дәрістер өткізіп, жаңа сабақтар оқытады.
Сондай-ақ «Тірек мектебі – магнитті мектептер» жобасы арқылы (2-3 шағын жинақты мектепке бір тірек мектеп бекітіледі) білікті педагогтер 5-11-сынып оқушыларына аптасына 2 рет «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «Ағылшын тілі» пәндерінен 20-25 минуттық онлайн сабақтар өткізеді. Тірек мектебіндегі педагог «онлайн педагогтің» қызметін атқарса, шағын жинақты мектептің педагогі «онлайн педагогтің ассистенті» қызметін атқарады. Екі педагог бірлесе отырып, білім алушылардың білім сапасын арттыру мақсатында бірлесе жұмыстар жүргізеді», - делінген жауапта.
#Знание, #Ученик, #школа, #Цифровой Казахстан, #учитель