Аягөздік оқушы ұлттық стильде смарт-сөмке жасады

Аягөздік оқушы ұлттық стильде смарт-сөмке жасады

Аягөз қаласындағы «№5 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің 6-сынып оқушысы Тұрсын Малика ұлттық стильде жасалған инновациялық Ayagoz Brand SMART-сөмкесін дайындап, өз қатарластарына пайдалы әрі креативті өнім ұсынды,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Жас шебердің тың жобасы – ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияны үйлестіре отырып жасалған ерекше мектеп сөмкесі.

Малика өз идеясын бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін дамыту нәтижесінде жүзеге асырды. Джинсы матасынан тігілген сөмкенің беті қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен безендірілген. Заманауи стильде жасалған сөмке жеңіл, берік әрі күнделікті мектепке баруға өте ыңғайлы. Қалталары оқушының оқу құралдарын орналастыруға қолайлы болса, дизайны мектеп формасымен үйлесім табады.

SMART-сөмкенің басты артықшылықтарының бірі – оның технологиялық мүмкіндіктерінде. Сөмкеге орнатылған GPS трекер оқушының орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналар үшін қосымша қауіпсіздік құралы. Сондай-ақ сөмке ішіне кіріктірілген Powerbank арқылы телефон мен басқа гаджеттерді қуаттауға болады, бұл – ұзақ мектеп күндері мен сапарларда өте тиімді мүмкіндік. Қауіпсіздікке баса мән берген жас шебер сөмке сыртына жарықты шағылыстыратын лента тігіп, оқушылардың қараңғы уақытта жолда көзге жақсы түсуін қамтамасыз еткен.

«Маликаның бұл жобасы – балалардың шығармашылық әлеуетін қолдаудың нәтижесі. Біз үшін ең маңыздысы – ұлттық құндылықтарды жаңаша көзқараспен дамытуға ынталандыру», – дейді жетекшісі Әсел Қоңырбаева.

Ayagoz Brand SMART-сөмкесі оқушылардың өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық өнерді жаңаша форматта насихаттауға да үлес қосады.


#Знание, #Ученик, #Аягоз, #инновационные проекты