Болашақ ұрпаққа арналған кеңістік: Семейде жаңа Оқушылар сарайы ашылды
Семей қаласында 500 орындық жаңа Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Аймақ үшін маңызды әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова, «BI Group» компаниясының негізін қалаушы, директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғалия Дәулетова, ұстаздар, ата-аналар, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі Берік Уәли жаңа нысан өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл нысан спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүмкіндіктері бар даму бағдарын беретін бірегей орталық болары сөзсіз. Оқушылар сарайы өңіріміздегі қосымша білім беру ұйымдары үшін әдістемелік орталыққа айналып, педагогтер мен оқушыларға арналған түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы Абай облысы құрылғаннан бергі салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан болып отыр. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-Министрдің 2024-2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс тоқтап қалған болатын. Биыл Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге қаражатты бөлдіріп, құрылысы қайта жанданды. Бүгін міне еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайының ашылуына жиналып отырмыз. Оқушылар сарайының орналасқан жеріне байланысты, балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлы кіріп-шығуы үшін арнайы жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір аталған көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Семей қаласында қазір қызмет атқарып тұрған Жастар сарайы 1991 жылы ашылған, одан кейін мұндай қосымша білім беру нысаны ашылмаған. Оқушылар сарайы – балалардың шығармашылығын, зияткерлік әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, білімді өмір салтына айналдыратын маңызды кеңістік. Осы игі іске үлес қосқан барлық әріптестерге, серіктестерге алғыс айтамын. Жаңа білім ордасы балаларымыздың арманына жол ашып, еліміздің болашағына қызмет етсін!», – деді облыс әкімі.


Салтанатты шарада Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова да жаңа нысанның өңір оқушылары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Білімді ұрпақ тәрбиелеу, балалардың қауіпсіз әрі бақытты өмір сүруі мемлекеттің басты мақсаты. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім саласында жүргізіліп жатқа бастамалар ел болашағы үшін саналы, білімді, отаншыл ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.Бүгінде елімізде балалардың 90 пайызы қосымша біліммен қамтылып отыр. Ағымдағы жылы Абай облысының оқушылары халықаралық зияткерлік байқауларда 19 жүлделі орынға, ал республикада 167 жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ ауыл мектептерінің 9-11 сыныптары арасындағы республикалық олимпиадада 16 жүлделі орын иеленді.Бұл жетістіктер бала, ұстаз, ата-ананың өзара бірлігінің нәтижесі деп білеміз. Осындай ынтымақтастық арқылы ұлттық құндылықтар бойларына сіңіп, елін сүйетін саналы ұрпақ қалыптасады. Абай облысында балалардың болашағы үшін осындай жаңа нысандар көбейе берсін», – деді Шынар Ақпарова.
Аталған нысанның бой көтеруіне сенімді серіктес ретінде «BI Group» компаниясы атсалысты. Компания әлеуметтік және білім беру бағытындағы нысандарды заманауи технологиялар мен жоғары сапа стандарттарына сай жүзеге асырып келеді. Компанияның негізін қалаушы, директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев облыс басшылығы тарапынан қолдау болса, келесі жылы білім беру саласындағы бірегей жоба BINOM SCHOOL мектебін салуға өтінім беруді жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Құрылысы 2023 жылы басталған Оқушылар сарайының жалпы аумағы 9 800 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 500 балаға арналған, ал ауысыммен күніне 1500 оқушыға дейін қабылдай алады.



Жаңа сарайда екі бассейн, хореография, шығыс жекпе-жегі, фитнес, үстел теннисі залдары, үстел ойындары, вокал және аспаптық музыка сыныптары, дыбыс жазу студиясы, мүсін және ART студиялары жұмыс істейді. Сонымен қатар актерлік шеберлік, сәулет өнері, VR технологияларын қолданатын ойындық-имитациялық оқыту кабинеттері қарастырылған.

Ғылыми-техникалық бағытта авиамодельдеу, жаңартылатын энергия көздері, аквапоника және гидропоника, нейрозертхана және нейроробототехника, 3D-басып шығару және модельдеу (M-TECH), бағдарламалау, видеография және кино, жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар, сондай-ақ астрономиялық обсерватория қызмет көрсетеді.

Семей қаласында ашылған жаңа Оқушылар сарайы өңірдегі қосымша білім беру жүйесін дамытуға серпін беретін маңызды орталыққа айналмақ. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған нысан балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ғылыми-техникалық бағыттағы қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға кең мүмкіндік береді.

Жаңа білім ордасы тек үйірмелер мен секциялардың шоғырланған орны ғана емес, оқушылардың болашақ мамандығын айқындауға, зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған көпфункционалды кеңістік болмақ. Мұнда алынған білім мен тәжірибе жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті, отаншыл әрі жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуына негіз болады. Өңірде осындай әлеуметтік маңызы бар нысандардың көбеюі мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған тұрақты қолдаудың нақты көрінісі. Семейде бой көтерген Оқушылар сарайы – балалардың арманы мен мүмкіндігін тоғыстырған, ел болашағына инвестиция салатын маңызды жоба.
#Семей, #Абайская область, #Ученик, #образование