Бұрынғы колледж ғимараты жаңғыртылады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев орынбасарлары мен Білім, Дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшыларымен бірге бұрынғы «Заман» колледжінің ғимаратында болды,-деп Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап abaidan.kz хабарлайды. Ғимарат білім, инновация, спорт салаларын дамытуда әлеуетке ие. Алайда қазір күрделі жөндеуді қажет етеді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы орналасқан мекемеде 1972, 1983 және 1985 жылдары салынған үш ғимарат бар.
Ерекше атап өтетін жәйт – 2022 жылдан бастап «Дәрігерлік – дене шынықтыру диспансері» КММ жұмыс істейді.
Бұл дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындарды медициналық қызмет көрсетуге маманданған емдеу-профилактикалық мекемесі болып табылады. Спортшылардың оңалтудан өтуіне де мүмкіндік бар. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 спорт мектебінің спортшылары диспансер бақылауында.
Ғимараттарды аралап көрген аймақ басшысы нысанды облыста спорт, ғылым мен технологияны дамыту үшін пайдалану қажеттігін атап өтті.
«Ғимараттың ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегені көрініп тұр. Егер қажетті жұмыстарын атқаратын болсақ, әлі талай жылдар халыққа қызмет етері анық. Спорт залды жаңартып, балаларымыздың спортпен шұғылдануына жағдай жасай аламыз. Ал бұрынғы өндіріс цехы базасында заманауи индустриалды технопарк ашуға мүмкіндік бар. Бұл жерге қаламыздағы бірнеше оқу орындарының басын қоса отырып, креативті, озық идеялар орталығын қалыптастыруға болады», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі орынбасарлары мен басқарма басшыларына ғимаратты жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды.
#Абайская область, #строительство