Елімізде 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау мерзімі аяқталды
Қазақстанда 340 мыңға жуық бала 1-сыныпқа қабылданды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. Құжаттарды қабылдау толық төрт ай, яғни 1 сәуірден 1 тамызға дейінгі аралықта жүргізілген болатын.
«Осы мерзім ішінде қазақстандықтардан 377 681 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 339 880 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Өтініш берішулердің 70,7% мектепті мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді. Құжаттарды қабылдау еgov.kz электронды порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылды», - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау неліктен 1 тамызға дейін жүретінін түсіндірген еді.
«Құжаттар қабылдауды біз ертерек, көктемнен бастаймыз. Оқушылардың санын анықтап, оқулық дайындауды алдын ала жоспарлау керек. Құжат қабылдауды 1 қыркүйекке дейін ұзартуға да болар еді. Онда 1-сынып оқушыларына қанша кітап керектігі белгісіз болады. Оқулықтарды ертерек қажетті көлемде сатып алу қажет. Уақыттың тығыздығынан 1 тамызға дейін ғана құжат қабылдау жүреді», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына.
#Министерство просвещения РК, #Знание, #Ученик