Ғылыми кеңесте маңызды мәселелер талқыланды

Ғылыми кеңесте маңызды мәселелер талқыланды

Шәкәрім университетінде алдағы Ғылым күніне орай және жалпы оқу ордасының даму бағыты, атқарылған істер, алға қойған жоспарлар жайы кеңінен талқыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Университет ректоры Думан Орынбеков филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовтің туған күніне орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2026 жыл 5 наурыздағы «Философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы» бұйрығына сәйкес Ғалия Иманқұлова (ғылыми кеңесшісі: биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанар Қалибекқызы) мен Жібек Атамбаеваға (ғылыми кеңесшісі – техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмагүл Нұрғазезова) Философия докторы (PhD) дипломы табысталды.

Биыл жыл басында пайдалануға берілген, көрнекті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасында өткен ғылыми кеңес барысында іргелі оқу ордасының бұған дейінгі қол жеткізген жетістіктері және күн тәртібіндегі өзекті мәселелері туралы академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаев кеңінен баяндады. «Бизнес және коммуникация жоғары мектебі мен Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің қазіргі жағдайы туралы» деп аталған баяндамасында университет ғалымдары мен ұстаздарының оқыту процесінің жайы мен мамандар даярлау жайы да кеңінен қамтылды. Шәкәрім университетінің ардагерлер кеңесінің атынан сөз алған профессор Зейнолла Тоқаев пен профессор Арап Еспенбетов те өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Университет ректоры Думан Орынбеков оқу ғимараттарының орналасуы мен аталуына қатысты ойларын талқыға салып, Шәкәрім музейін жетілдіру жайының маңыздылығына тоқталды.


#Абайская область, #Знание, #Университет Шакарима