«Integrity Talks: Академиялық адалдық және жемқорлықсыз болашақ» TEDx форматындағы кездесу өтті
Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде жастар арасында адалдық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Integrity Talks: Академиялық адалдық және жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында TEDx форматындағы кездесу өтті, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара университеттің «Саналы ұрпақ» студенттік клубының мүшелерімен ұйымдастырылып, студенттер мен оқытушылардың басын қосты.
Кездесудің басты мақсаты – академиялық адалдық қағидаттарын нығайту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондай-ақ жас буын арасында жауапкершілік, әділдік және ашықтық құндылықтарын кеңінен насихаттау көзделді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев және Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбай спикер ретінде қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жастармен ашық пікір алмасып, академиялық адалдықтың қоғам дамуындағы маңызы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері және жастардың азаматтық жауапкершілігі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, адал еңбек пен кәсіби біліктіліктің маңыздылығына тоқталды.
Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызмет, жастар саясаты, азаматтық белсенділік және адалдық қағидаттарына қатысты еркін пікір алмасты. Мұндай ашық форматтағы кездесулер жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға үндейді.
Аталған шара Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесу жастар арасында адалдық мәдениетін қалыптастыруға және жемқорлықсыз қоғам құру идеясын ілгерілетуге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау – тек білім беру жүйесінің ғана емес, жалпы қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты шарттарының бірі. Сондықтан жастар арасында мұндай құндылықтарды насихаттау алдағы уақытта да жалғасын табады.
#молодежь, #коррупция, #Закон и порядок