NIS ұстаздары ауыл мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетті

NIS ұстаздары ауыл мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетті

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Көкпекті, Жарма және Ақсуат аудандарындағы тірек мектептерінде семинар-практикум өткізді.

Ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру үшін NIS мұғалімдері Жарма ауданындағы Маяковский атындағы орта мектебі мен Ақсуат ауданындағы Қожагелді батыр атындағы орта мектептердегі әріптестеріне зертханалық құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануды, оны білім беру процесіне интеграциялаудың әдістерін көрсетті. Мұнымен қатар, олар Көкпекті ауданындағы Ж.Шайжүнісов орта мектебінің ұстаздарымен бірігіп, шағын жинақты мектептердің педагогтеріне арналған оқыту іс-шараларын ұйымдастырды.

- Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінен жетекші мамандар келіп, педагогтерімізге математика, физика, биология, химия және информатика пәндері бойынша әдістемелік көмек көрсетіп жатыр. Олар оқу-құралдарын, зертханалық құрал-жабдықтарды қолдану, сабақ құрылымын түсіндірді. Ұстаздарымыздыңшеберлігі артады деген сенімдемін, – деді Ақсуат ауданы Қожагелді батыр атындағы орта мектебінің әдістемелік ісі жөніндегі директордың орынбасары Бақытнұр Алтаева.

Бұл шаралар озық педагогикалық тәжірибені таратуға, педагогтердің кәсіби өзара әрекеттестігін нығайту мен екі мектеп арасындағы ынтымақтастықты дамытуға көмектеседі.


#Знание, #образование