Облыс әкімі дарынды оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді

Облыс әкімі дарынды оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді

Абай облысында «Дарындыға дархан жол» жобасы аясында өңірдің дарынды оқушыларымен кездесу өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шараға халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстар мен чемпионаттардың 61 жеңімпазы мен жүлдегері қатысты.

Кездесу алдында облыс әкімі Берік Уәли оқушылардың ғылыми жобалары мен жетістіктері ұсынылған көрмені аралап көрді. Экспозицияда роботехника бағыты бойынша мектептер мен колледждердің үздік жобалары, ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаз жұмыстары, Х халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиынының жүлдегерлері, сондай-ақ дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты оқушыларының жетістіктері қойылды. Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар өз жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, білім мен ғылым саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімі әрбір қатысушының пікірін мұқият тыңдап, өз тарапынан қолдау білдірді.

Аймақ басшысы жастарға арнаған сөзінде дарынды оқушылардың ел болашағындағы маңызын атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға қатысты ұстанымдарын тілге тиек етіп, талантты жастардың әлеуетін туған өңірінде жүзеге асыруына жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанған 18 оқушыға облыс әкімінің атынан қомақты мөлшерде стипендия тағайындалатынын хабарлады.

Кездесу қорытындысында шараға қатысқан оқушыларға облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды. Айта кетейік, 2025 жылы Абай облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда барлығы 277 медаль иеленді. Олардың қатарында Әл-Харезми атындағы халықаралық математика және информатика олимпиадасы, жасөспірімдер арасындағы халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (IJSO), «Туймаада» халықаралық олимпиадасы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы, сондай-ақ халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиыны бар.


#Абайская область, #Ученик, #образование