Облыс әкімі Үржар ауданындағы мектептердің жұмысымен танысты

Облыс әкімі Үржар ауданындағы мектептердің жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданындағы жұмыс сапары барысында Абай атындағы орта мектептің жұмысымен танысты,- -деп хабарлайды  abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аудан орталығында төрт мектеп бар. Абай атындағы орта мектеп – соның ішіндегі ең көнесі. 1967 жылы салынған ғимаратта 569 оқушы білім алады. 74 мұғалім жұмыс істейді. 

Білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Орындық пен үстелдер талапқа сай келмейді. Асхана акт залында орналасқан. Мектепті жаңғырту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Аймақ басшысы мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, толық, заман талабына сай жабдықтау қажеттігін айтты. Бюджеттік өтінімді тезірек дайындауды тапсырды. 

Облыс әкімі жұмыс сапарында Үржар ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. 

1977 жылы салынған мәдениет ошағында 7 адам еңбек етеді. Алты мыңға жуық жәдігер бар. Ғимарат сараптама қорытындысымен апатты деп танылған. Музей басшылығы облыс әкіміне 2 қабатты жаңа ғимарат салып беруге көмек көрсетуді сұрады.

 Аймақ басшысы бір ғана өлкетану музейіне арнап ғимарат салудың тиімсіз екенін айтып, жобаны қайта қарауды тапсырды. 

«Мұндай жобаны ұсынғанда халыққа тиімділігін ескеру керек. Жаңа ғимарат салынатын болса, оның ішінде музей ғана емес, кітапхана, жастар бас қосатын коворкинг орталығы секілді заманауи мәдени-танымдық орындар болуы қажет» деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сондай-ақ музейдегі жәдігерлердің мән-мазмұнын сынға алып, мәдениет ошағын өлкенің тарихынан сыр шертетін құнды дүниелермен толықтыру керектігін атап өтті. 

«Музей ішіндегі жәдігерлерімен құнды. Музейдің жасақталуы, жәдігерлердің орналасуы идеологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Сондықтан музейдің концепциясын өзгерту керек. Өлкетану музейі болғаннан кейін өлкенің тарихы, тұлғалары туралы толық мағлұмат болуы қажет», - деді облыс әкімі.


#Абайская область, #школа, #Аким области Абай, #Урджарский район