Облыс әкімі Жаңа жыл қарсаңында арнайы білім беру және әлеуметтік мекемелерде болды

Облыс әкімі Жаңа жыл қарсаңында арнайы білім беру және әлеуметтік мекемелерде болды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернаттар мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барып, мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы тәрбиеленушілер мен ұжымдарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Алдымен облыс әкімі нашар еститін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатында болды. 100 орынға есептелген білім ордасында бүгінде 80 оқушы тәрбиеленуде, олардың 67-сі – мүгедектігі бар балалар. Мұнда 17 сыныпта 49 педагог қызмет атқарады, оның ішінде 14 тәрбиеші бар. Интернатта бейімделген жатын корпус, оқу кабинеттері, логопед бөлмелері, еңбек шеберханалары, есту қабілетін жетілдіру кабинеті, спорт залы, кітапхана, асхана және медициналық пункт қарастырылған. Мектепте спортқа ерекше мән беріледі. Аталған білім ордасының түлегі, қол күресінен сегіз дүркін әлем және жиырма дүркін Азия чемпионы Данияр Тайменов – соның айқын дәлелі.

Бұдан кейін аймақ басшысы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды. Бұл орталық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайда жүрген балаларға арналған. Қазіргі таңда мұнда 72 тәрбиеленуші бар. Балалар Семей қаласындағы №20, №27 және №35 мектептерде білім алады. Орталықта асхана, психолог және логопед кабинеттері, еңбек және шығармашылық бөлмелер, спорт және жаттығу залдары, кітапхана, медициналық пункт пен демалыс аймақтары жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері облыс әкіміне спорт залының тарлығын айтып, көмек сұрады.

– Интернатты аралау барысында спорт залының өте тар екенін байқадым. Жобасын дайындап, ұсыныңыздар. Спорт залын салуға көмектесеміз, – деді Берік Уәли.

Сондай-ақ облыс әкімі есту қабілеті бұзылған және сөйлеу тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған №5 арнайы мектеп-интернаттың жұмысымен танысты. Мұнда 129 оқушы білім алады, олардың 43-і – мүгедектігі бар балалар. Оқушылармен 76 педагог, оның ішінде арнайы педагогтар, дефектологтар мен логопедтер жұмыс істейді. Мектеп-интернатта оқу кабинеттері, жатын бөлмелер, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана мен медициналық пункт бар.

Аймақ басшысы мекемелердің қызметкерлерімен және тәрбиеленушілермен еркін пікірлесіп, балалардың өнерін тамашалап, барша ұжымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Өздеріңізбен Жаңа жыл қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мемлекет балалардың жарқын болашағы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес облыс тарапынан да тиісті қолдау көрсетіле береді. Сіздер – еліміздің ертеңі, Қазақстанның болашағысыздар, – деді облыс әкімі.

Сапар барысында Берік Уәли №4 арнайы мектеп-интернатына екі ноутбук, балаларды қолдау орталығына өнеркәсіптік қамыр илеу құрылғысын, ал №5 арнайы мектеп-интернатына интерактивті тақта сыйға тартты. Сонымен қатар аталған үш мекемеде тәрбиеленіп жатқан 274 балаға бірдей үлгідегі жаңа жылдық тәтті сыйлықтар табысталды. Осындай сыйлықтар облыстағы өзге де бес әлеуметтік мекемеге жеткізілді.


#Абайская область, #образование, #новый год