«Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» : облыс мектептерінде бірыңғай мазмұндама өтті

«Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» : облыс мектептерінде бірыңғай мазмұндама өтті

2025 жылғы 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында облыстағы барлық мектептерде ерекше форматтағы білім беру шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған бұл күнде 7–11 сынып білім алушылары «Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» тақырыбында бірыңғай мазмұндама жазды. Іс-шараға 17 мыңнан астам оқушы қатысып, қоғамдағы қауіпсіздік пен заңға құрмет туралы өз ойларын қағаз бетіне түсірді.

Бірнеше аудан мен қала мектептерін қамтыған мазмұндама жұмысы «Заң және Тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында жүзеге асырылды. Бұл бастама балалардың құқықтық білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтау және заңға бағынудың маңызын түсінуіне ықпал етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Мазмұндама арқылы оқушылар полиция қызметінің қоғамдағы рөлі, азаматтық жауапкершілік пен қауіпсіз орта қалыптастыруға әр адамның қосатын үлесі жайында ой толғады. Сонымен қатар, оқушылар заң нормаларын білу – өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінудің негізі екенін айқын көрсетті.

Дүниежүзілік балалар күні аясындағы бұл акция жас ұрпаққа құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіпке құрметті насихаттаудың тиімді құралы болды. Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.


#Абайская область, #Знание, #Ученик, #школа, #Полиция