Семей қаласында 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Семей қаласында 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Бүгін Семей қаласының Шығыс кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №53 жалпы орта білім беретін 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Тастекеев, Айнұр Арғынбекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай және  Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты.

Шығыс кентінің балалары енді еңселі де заманауи ғимаратта білім алады. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде бой көтерген Семей қаласындағы үшінші, ал Абай облысы бойынша бесінші мектеп.
 

Жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы аумағы 2,56 гектарды құрайды және 300 оқушыға арналған. Мектепте 30 оқу кабинеті, 2 информатика сыныбы, робототехника кабинеті, химия, физика және биология пәндік зертханалары бар. Сондай-ақ, токарлық және металл өңдеу шеберханасы, аспаздық және тігін бөлмелері қарастырылған.

Мектеп 17 интерактивті панельмен жабдықталған, 84 орындық акт залы, 78 орындық асхана, оқу залы мен кітапхана жұмыс істейді. Оқушылар үшін STEM-зертханалар, хореография залы, 673 шаршы метрлік спорт залы және ойын алаңдары бар. Мектеп аумағында футбол, волейбол, хоккей алаңдары мен 400 метрлік жүгіру жолы қарастырылған.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да барлық жағдай жасалған. Ғимаратта лифт, тактильді жолдар орнатылған.

Шарада аймақ басшысы ұстаздар, оқушылар және ата-аналарды маңызды оқиғамен құттықтады.

«Бүгін – облысымыздың әлеуметтік саласы үшін маңызды күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс кентіндегі жаңа білім ошағын ел игілігіне табыстап отырмыз. Жоба шеңберінде облысымызда жалпы сыйымдылығы 3000 орындық 5 заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Бұл нысанның техникалық жарақталуы типтік мектептерден 4 есе жоғары, ал ғимарат ауданы 20 пайызға кең етіп жоспарланған. Осы мектепті іске қосу арқылы біз Шығыс кентіндегі мемлекеттік мектепке қатысты өзекті мәселені толық шештік. Енді оқушылардың басқа аудандарға қатынауының қажеті жоқ. Біз өңірдегі балалардың сапалы білім алуы мен ұстаздардың тиісті жағдайда жұмыс істеуі үшін жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Жаңа білім ордасы құтты болсын!», – деді Берік Уәли.
 

Шара барысында оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов өңірдің білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер ұстаздар Марияма Битебаева мен Бақыт Кажыбаеваға «Еңбек ардагері» медалін табыс етті.

Облыс әкімі құрметті қонақтармен бірге мектептің сыныптарын аралап, оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті.

«Бұл білім ордасының Шығыс кентінің дәл осы аймағында ашылуы балаларымыз үшін де, біз үшін де зор қуаныш. Себебі, балаларымыз білім алуы үшін алысқа қатынап, қиындық көріп, үйірмелерге дұрыс бара алмай жүрген еді. Шығыс кентінің оң жағалауында тұратын оқушылардың көптен күткен армандары орындалды. Жарқыраған, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталған білім ордасы ел болашағы үшін жасалып жатқан инвестиция деуге болады. Ата-аналар атынан ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз», – деді Шығыс кентінің тұрғыны Шалқар Хамилаев.

Қазіргі таңда облыста мектеп тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында бастауыш мектеп салынып жатыр. Оны жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Абай ауданы Кеңгірбай би ауылындағы Қарашоқы шатқалында балалар лагерінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, алдағы жылдары Семейдің Қарағайлы шағын ауданында 400 орындық «Білім-инновация» лицейін, 1400 орындық мектеп пен Ақсуат және Екпін ауылдарында 300 орындық екі мектеп салу жоспарланып отыр.


#Семей, #Абайская область, #школа, #образование