Семейде «Daryn Robotics Cup – 2026» республикалық турнирі бастау алды
Семей қаласында «Daryn Robotics Cup – 2026» республикалық турнирі бастау алды. Ауқымды білім додасы №50 ІТ-мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Шара Абай облысының білім басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы және «U-STEM Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен өткізілуде.

Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар қатысу барысында. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларынан және Абай облысындағы мектептерден жиналған 150-ге жуық команда бақ сынасады. Жарыс робототехника және дрон ұшыру бағыттары бойынша ұйымдастырылып отыр.

Шараның басты мақсаты - жасөспірімдердің инженерлік-техникалық қабілеттерін дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қажетті дағдыларды қалыптастыру. Сонымен қатар турнир қатысушылардың тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісетін болады.

Абай облыстық «Дарын» орталығының директоры Жадыра Ниязбекованың айтуынша, мұндай турнирлер өңірдегі робототехника бағытын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
«Бүгін Абай облысында өте ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Турнирге еліміздің әр өңірінен командалар келіп, өз жобаларын таныстыруда. Бұл тек жарыс қана емес, оқушылардың тәжірибе алмасып, жаңа достар табуына мүмкіндік беретін алаң. Сонымен қатар “U-STEM Foundation” қоғамдық қоры бүгінгі турнирге демеушілік жасап, жеңімпаздарға Шанхай мен Лос-Анджелес қалаларында өтетін халықаралық жарыстарға екі жолдама ұсынып отыр. Ал “Дарын” орталығы тарапынан жеңімпаздарға арнайы ақшалай жүлделер қарастырылған», – деді ол.

Жарысқа қатысушылар да өз жобаларын бірнеше ай бойы дайындағанын айтады. Павлодар қаласынан келген оқушылардың бірі роботты оқу жылының басынан бастап жасағандарын жеткізді.
«Роботымызды оқу жылының басынан бастап дайындадық. Оған көп еңбек кетті. Біз Spike Prime жиынтығын қолдандық, кодтарын командамызбен бірге жазып, арнайы қондырмаларын жасадық. Оның басты ерекшелігі – бір қондырмамен бірнеше миссияны қатар орындай аламыз, бұл уақытты үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ жобамызда металл іздегіш құрылғы бар. Оның жұмыс істеуі оны басқаратын адамның әрекетіне байланысты. Біздің жобаның ерекшелігі – қолжетімділігі мен бағасының салыстырмалы түрде төмен болуы», – дейді қатысушы.
Екі күнге созылатын турнир қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, халықаралық жарыстарға жолдама алады.
#Семей, #Абайская область, #Знание, #Школа Дарын