Семейде құрылыс саласы педагогтерінің республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті
Семей қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының құрылыс саласы педагогтері арасында республикалық деңгейдегі кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға еліміздің 13 облысынан 25 команда қатысып, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін сынға салды. Ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков байқаудың ашылуымен қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Байқаудың негізгі мақсаты – құрылыс саласында жоғары кәсіби шеберлікке ие, жаңашыл ойлайтын әрі шығармашылық қабілеті дамыған педагогтерді анықтау және олардың озық тәжірибесін кеңінен насихаттау болды. Сонымен қатар, бұл шара техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін жетілдіруге бағытталды.

Жарыс барысында қатысушылар «Кірпіш қалау», «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Плиткамен қаптау» сияқты негізгі кәсіби құзыреттіліктер бойынша өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті. Әр тапсырма өндірістік стандарттарға сай орындалып, қатысушылардың нақты жұмыс жағдайындағы шеберлігі бағаланды.

Сонымен қатар байқау аясында педагогтер арасында кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылып, заманауи өндірістік талаптарға сәйкес оқыту әдістері мен инновациялық тәсілдер талқыланды. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға және оқу үдерісін еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге мүмкіндік берді.

Республикалық байқау техникалық және кәсіптік білім беру саласының беделін арттырып қана қоймай, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге және құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.
Іс-шараны Абай облысының білім басқармасы, TALAP және Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі бірлесіп ұйымдастырды.

Мұндай кәсіби байқаулар алдағы уақытта да білім беру сапасын арттырып, педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына және құрылыс саласының білікті кадрлармен қамтамасыз етілуіне ықпал ете бермек.
#Семей, #образование, #конкурс