Семейде Шәкәрім университетінің түлектеріне диплом табысталды

Семейде Шәкәрім университетінің түлектеріне диплом табысталды

Бүгін Шәкәрім университетінің бітіруші түлектеріне арналған «Біліммен биіктерге» атты салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, түлектерді марапаттады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шәкәрім университеті – еліміздің Солтүстік-Шығыс өңіріндегі жетекші білім және ғылым ордаларының бірі, мәдени, оқу-әдістемелік әрі ірі ғылыми орталық. Қала әкімі өз құттықтау сөзінде бүгінгі күннің әрбір түлек үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгінгі күн – көп жылғы қажырлы еңбектің, ізденіс пен табандылықтың жемісі. Бұл – тек диплом алатын күн ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, үлкен өмірге қанат қағатын тарихи сәт. Шәкәрім университеті – киелі Абай өңірінің ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, ғасырдан астам тарихы қалыптасқан беделді оқу орны. Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген білім ордасы ғылым мен білімді ұштастырып, ел дамуына үлес қосатын білікті мамандарды тәрбиелеп келеді. Құрметті түлектер! Бүгін қолдарыңызға алған диплом – тек білімнің дәлелі ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің, кәсіби адалдықтың және үздіксіз ізденістің бастауы. Қай салада еңбек етсеңіздер де, алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, Қазақстанның өркендеуіне өз үлестеріңізді қосады деп сенемін», – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Биыл Шәкәрім университетін 1904 түлек тәмамдады. Оның ішінде 1814 студент күндізгі оқу бөлімін бітірсе, 122 магистрант пен 9 докторант оқуын сәтті аяқтады. Сондай-ақ, оқу үлгерімі жоғары 188 түлек ерекше үлгідегі дипломға ие болды. Салтанатты рәсім барысында үздік түлектерге дипломдар табысталып, олардың жетістіктері жоғары бағаланды. Сонымен қатар, түлектердің құрметіне университеттің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік кеш әсерлі өнер көрсетілімдерімен жалғасты. 


#Семей, #выпускники, #Университет Шакарима