Семейлік зияткерлер Дәулет Мұқаевпен жүздесті

Семейлік зияткерлер Дәулет Мұқаевпен жүздесті

​Семей қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағлымды кеш өтті. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі экономист Дәулет Мұқаевпен кездесті,-деп хабарлайды abaidan.kz агентігі НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараның өтуіне мектеп жатақханасының ұжымы ұйытқы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – жас ұрпаққа азаматтық жауапкершілікті, белсенді өмірлік ұстаным мен еңбекқорлықтың маңызын түсіндіру.  
 

​Кездесу басталмас бұрын депутат мектеп пен жатақхананың тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылардың ғылыми жобаларын тамашалады. Зияткерлер өз зерттеулері туралы толық мағлұмат беріп, бағыттары мен жетістіктері жайлы баяндады. Дәулет Мұқаев жобалардың өзектілігін атап өтіп, тың бастамаларға сәттілік тіледі.

​Мәжіліс залында өрбіген жүздесу еркін әңгіме, ашық ойдың алаңына айналды. Халық қалаулысы сөз арасында жастықтың жалынын біліммен ұштастыру, ғылымға бет бұрып, көкірек көзін ашу – әр зияткердің басты мұраты екенін тебірене жеткізді.

- Туған жерге келіп, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Зияткерлік мектеп қабырғасында алғаш рет бас қосып отырмын. Сіздер – елдің ертеңін қалыптастыратын буынсыздар. Қазіргі бос уақытыңызды тек уақыт өткізу үшін емес, адал еңбекке, білімге және туған жердің абыройын асқақтатуға жұмсаңыздар. Ешқашан тоқтамаңыздар, үнемі ізденісте болыңыздар, – деді ол.

Кездесу соңында «Асқар тау» әкелер клубының жетекшісі қонағымызға ақ тілегін айтып, құрмет ретінде шапан жапты.  Зияткерлер әннен шашу шашып, өнерлі оқушыларымыздың қолынан шыққан қонақтың портреті салынған суреті естелікке тарту етілді.


#Знание, #депутат, #образование