Ұлағатты ұстаздар құрметіне замануи кабинет ашылды

Ұлағатты ұстаздар құрметіне замануи кабинет ашылды

Ұстаз —өз кәсібін, пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Сондықтан ұстаз аса құрметті. Таяуда осындай аяулы ұстаздар құрметіне Бесқарағай ауданы, Кривинка орта мектебінде заманауи кабинет ашылды. 

Білім ордасындағы математика кабинеті тыл ардагері, «Бесқарағай ауданының құрметті азаматы», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» - Өмірханов Әлихан Бахшанұлы мен саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған ұлағатты ұстаз Өмірханова Светлана Мұхаметқалиқызына арналған. 

Ұлағатты ұстаздар атындағы кабинеттің ашылу салтанатына Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық білім басқармасы мен БАҚ өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, оқушылар қатысты.

Заман талабына сай жабдықталған математика кабинеті оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ақпараттық стендтер мен интерактивті тақта орнатылған. 

Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді,-дегендей ұлағатты ұстаздар ұрпағының мұндай тартуы ауыл тұрғындары үшін тамаша сыйлық болды. Өз кезегінде ауыл халқы мен ұстаздар, оқушылар ризашылықтарын білдіріп жатты. 

Өмірханов Әлихан Бахшанұлы саналы ғұмырының 50 жылға жуығын жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге арнаған. Еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, директорлыққа дейін көтерілген. Кривинка орта мектебінде 22 жыл бойы директор болып қызмет атқарған. Сонымен қатар фото, кинокамера, бокс үйірмелерін ұйымдастырып, оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасаған. Жасөспірімдердің біліммен қатар спортқа ден қоюлары үшін, бокс секциясын жүргізіп, жарыстар ұйымдастырған. Сондай-ақ ауылдық кеңестің төрағасы болып, ауылдың өміріне белсене араласқан. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Жаңа Семей ауданының Жыланды мектебінің директоры болған. Еңбек жолында бірнеше рет аудан, облыс басшылығының, білім министрлігінің, облыс және аудандық оқу бөлімдерінің грамоталарымен марапатталған. Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік оқытушысы (Отличник народного просвещения КазССР) және бірқатар медальдар иегері. 

Шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүр. Әлихан Өмірханов Ұлы Отан Соғысының тыл ардагері, «Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы».

Ал, жұбайыӨмірханова Светлана Мұхаметқалиқызы Кривинка орта мектебінде химия, биология пәндерінен сабақ беріп, талай талантты шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз. Педагогика саласына ғұмырын арнаған өмірлік серігі Әлихан Бахшанұлының  қызметте жетістікке жетуіне үлкен қолдау көрсете білген. Светлана Мұхаметқалиқызы сан қырлы еді. Жиын-тойда тамылжыта салған әнімен талайларды тамсандыратын. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Бесқарағай ауданынан құралған әжелер ансамблінің құрамында ән салып, сахнада қалың көпшіліктің ықыласына бөленген. Шаңырақтың ұйтқысы, салт-дәстүрді берік ұстанатын рухани бай адам еді. 

Өмірханов Әлихан Бахшанұлы мен жұбайы Светлана Мұхаметқалиқызы 5 бала тәрбиелеп, олардан 10 немере 3 шөбере сүйді. Бүгінде артында қалған ұрпақтары ата-анасының өнегелі өмірін үлгі етуде. Білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлестерін ардақтауда. 

Ұстаз болу – жүректің  батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің  ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің  күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның  асылдығы,

деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдары осындай жандарға арнап айтылса керек. Ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы, жақсы ұстаздан басталады» деген болатын. Олай болса, саналы ғұмырларын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған ардақты ұстаздардың ұлағатты істері үлгі-өнеге болып қалмақ. 

Адам бір жылын ойласа - дән себеді, бар ғұмырын ойласа - ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа - ұрпақ тәрбиелейді,-дейді ғой. Шара соңында Өмірханов Әлихан Бақшанұлы менСветлана Мұхаметқалиқызының ұрпақтары ата-аналарының рухына арнап ас берді. 


#Знание