Жас ғалымдар грантқа ие болды
21 маусымда Атырау қаласында «Шеврон» компаниясы мен «Caravan of Knowledge» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «JasScience Day» ауқымды ғылыми-танымал іс-шарасы өтті. Бұл туралы Түркітілдес журналистер қорына сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі хабарлайды. Іс-шара осы жылдың ақпан айында басталған «JasScience» жобасының шарықтау шегі болды. Жобаның негізгі мақсаты – STEAM білім беру моделін насихаттау және тәрбиешілер, оқушылар командалары мен білім берумен айналысатын коммерциялық емес ұйымдар арасында үздік STEAM жобаларын анықтау. Сонымен, әр санат бойынша 5 гранттан, барлығы 15 грант табысталды. Оқушылардың гранттары 300 мың теңгені, педагогтер үшін гранттар 400 мың теңгені, ал КЕҰ үшін гранттар 2,5 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, ең жақсы екі педагогикалық және студенттік жоба 2024 жылғы 21 қыркүйекте Астанада өтетін «PRO.NRG Fest» халықаралық ғылыми-танымдық фестиваліне қатысуға мүмкіндігіне ие болды.
«JasScience» байқауы – бұл өзінің ғылыми жобасын іске асыруға мүмкіндік бергісі келетін Атырау облысының мұғалімдеріне, оқушыларына және коммерциялық емес ұйымдарына арналған трамплин. Барлығы осы жылдың ақпан айында басталды және қазір, 21 маусымда біз осы байқаудың финалистері мен жеңімпаздарын көріп отырмыз. Жобалар адамдардың өз саласын дамытуға мүдделі екенін және ғылым мен жаңа технологиялардың көмегімен оларды толғандыратын нәрселерді шешудің жолдарын іздейтінін көрсетті.» – байқау қазылар алқасының бірі Бағлан Құтырбаев атап өтті.
Студенттік жобалар номинациясы бойынша грант иегерлерінің бірі 10-сынып оқушысы Әйгерім Ханбай болды. Оның «Эко-аялдамалар» жобасы қоғамдық көлікті қолдануды қала тұрғындары үшін ыңғайлырақ етіп, қала бюджетіне түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған. Автоматты температура мен қозғалыс сезбектерімен, сондай-ақ күн батареяларымен жабдықталған эко–аялдамалар күннің таза энергиясын пайдалана отырып, жылдың мезгіліне байланысты аялдаманы жылумен немесе салқын ауамен қамтамасыз етіп отырады. Егжей-тегжейлі ойластырылған жоба Әйгерімнің грантқа қол жеткізуіне, сонымен бірге Астана қаласында өтетін жыл сайынғы «PRO NRG» фестиваліне жолдама ұтып алуына себепкер болды. Аталмыш фестивальге ол Атырау облысының атынан басқа мектеп оқушысы Қазыбек Қыдырбаймен бірге қатысатын болады. Қазыбек Қыдырбайдың «Заттар интернеті» технологиясы арқылы тұрғын үйлердегі өрт қаупін азайту жобасы да грантқа ие болды.
«JasScience Day» фестиваліне қатысушыларға көптеген қызықты да белсенді іс-шаралар ұсынылды. Күні бойы жетекші мамандар дәрістер өткізді, олардың арасында балаларға арналған астрономия мектебін құрушы Артур Гайдук, Tik-Tok жұлдызы және «30-ға дейінгі 30» Forbes қатысушысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ұлан Үсенов және тағы басқалар бар. Дәрістерден бөлек, қонақтарға интерактивтер, мұғалімдер мен оқушыларға арналған шеберлік сыныптары, тақырыптық сыйлықтар ұтысы және іс-шара дәріскерлерінен сыйлықтар уәде етілді. Іс-шара «YEMAA» арт-кеңістігі мен «Infinity» сауда-қонақ үй кешені базасында өтті.
Артур Гайдук: «Іс-шара жоғары деңгейде өтті, жаңа дүниені үйренгісі келетін және ашқысы келетін ғылымға қызығушылық танытушылардың көптігіне көз жеткізу сондай қуантарлық жағдай. Дәрістер аудиториясы ашық болды, қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты, әрине оған қуанасың. Мен мектеп оқушыларының «JasScience» байқауына дайындаған жобаларын қарап шықтым, олар көрсеткен дүниелер мен үшін керемет көрінді. Осы жастағы балалардың ғылымға бой ұрып, оның призмасы арқылы өз аймағындағы кейбір нәрселерді шешуге тырысатынын көру – жан тыныштығын сыйлайды әрі біздің болашағымыз сенімді қолда екендігін нық айтуға болады».
Ұлан Үсенов: «Бүгінгі «JasScience Day» ғылым мен шығармашылықтың нағыз мерекесі болды. Біз Атырау облысының оқушыларынан, мұғалімдерінен және коммерциялық емес ұйымдарынан STEAM білімінің өмірді қалай өзгерте алатындығын көрсететін керемет жобаларды көрдік. Өткізілген эксперименттер мен шеберлік сыныптары ғылымның барлығына қызықты және қолжетімді болуы мүмкін екенін дәлелдеді; менің шығармашылығымның ең маңызды әрі негізгі түйіні де осы».
#фондтюркоязычныхжурналистов, #Компания Шеврон