Зияткерлер жобасы: Қазақстан тарихын цифрлық форматта жаңаша оқыту ​

Зияткерлер жобасы: Қазақстан тарихын цифрлық форматта жаңаша оқыту ​

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жаңашыл білім беру жүйесінің дамуына маңызды рөл атқаратын ғылыми туынды үшін авторлық құқыққа ие болды. 

«Ұлы дала жолы» ойыны – ел тарихына арналған алғашқы отандық видеоойын. Сюжетінің 90%-дан астамы шынайы тарихи оқиғалар мен тұлғаларға негізделген зияткерлік туынды әр дәуірдің атмосферасына бойлауға, маңызды кезеңдермен танысуға мүмкіндік береді.

 

Ойынның жасақталуына жауапты команда құрамына Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Аяулым Хамитханова, Мәди Болатов, Алемжан Ахметжанов, Алинур Толбаев және Нұрәділ Орманов кіреді. Жобаға жетекшілік еткен ұстаздары – Айқын Исабай мен Анар Таяпбергенова. Жуық арада ғана туынды Қостанай қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының желілік кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.

- Командалық зерттеу жүргізу барысында оқушыларға дәстүрлі оқулықтар мен мәтіндік материалдарды қабылдау қиынға соғатынын аңғардық. Сондықтан топ мүшелерімен ойымызды ортаға сала келе, тарихты оқытудың қызықты әрі әсерлі тәсілін ұсынатын интерактивті платформа жасауды ұйғардық,- дейді Аяулым Хамитханова.

Зияткерлердің алдағы жоспарлары жетерлік. Олар ұлттық тарихты насихаттап, болашақ ұрпаққа Қазақстанның мәдени мұрасы мен тарихын кеңінен таныту үшін қосымшаның мазмұнын кеңейтіп, жаңа тарихи желілер мен кезеңдер қосу арқылы ойынды жетілдіруді көздейді.


#Абайская область, #Знание, #образование