Абай облысында алғаш рет хирургтердің ұлттық ғылыми-практикалық пленумы өтіп жатыр
Семей қаласындағы Семей медицина университетінде «Хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбында Қазақстан Республикасы хирургтерінің ұлттық ғылыми-практикалық «Abai Surgery Plenum» пленумы өтіп жатыр,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңызды шараға еліміздің барлық өңірінен жетекші хирургтер, ғалымдар, медицина саласының сарапшылары, ғылыми орталықтардың басшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер мен резиденттер келді. Пленумның ашылуына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысты.

Аймақ басшысы пленумның хирургия саласындағы кәсіби байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды алаң екенін атап өтті.
«Хирургия – адам өмірін сақтап қалуға бағытталған, дәрігерден терең білімді, жоғары дәлдікті, батылдық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Бір адамның өмірін құтқару – барша адамзатты құтқарумен бірдей. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Сондықтан сіздер бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар». Сіздердің еңбектеріңіз – халық денсаулығына қызмет етудің жоғары үлгісі. Әрбір сәтті операция, әрбір аман сақталған өмір – ел игілігі жолындағы маңызды еңбек. Пленум жұмысына табыс, мазмұнды пікірталас пен жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін» – деді Берік Уәли.
Пленумда Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Жақсылық Досқалиев, Болатбек Баймаханов бастаған еліміздің жетекші хирургтері сөз сөйлеп, хирургия саласындағы заманауи тәсілдер, жоғары технологиялық медициналық көмек, трансплантология және медициналық ғылымды дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Іс-шара отандық хирургия ғылымын дамытуға, кәсіби байланысты нығайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Пленум аясында құрметті қонақтар мен университеттің дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Абзал жан», «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі және «Құрметті профессор» атағы тапсырылды.


Абай облысында хирургиялық қызмет жүйелі түрде дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың стационарлық хирургиялық қызметінде 276 хирургиялық төсек жұмыс істейді. Негізгі хирургиялық бейіндер: ересектер хирургиясы, іріңді хирургия, проктология және торакалды хирургия бағыттары бойынша 45 дәрігер-хирург қызмет атқарады. Аталған хирургиялық бейіндер бойынша 2025 жылы 10 326 пациент ем қабылдап, 5 803 ота жасалды. Оның ішінде 1 356-сы жоспарлы, 4 447-сі шұғыл операциялар. Хирургиялық белсенділік көрсеткіші 56,2 пайыз.


Қазіргі таңда облыста аз инвазивті және эндоскопиялық технологияларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Үржар аудандық көпбейінді орталық ауруханасында лапароскопиялық операциялар алғаш рет жүргізіліп, қажетті заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Бородулиха аудандық ауруханасында да лапароскопиялық хирургия тәжірибесі енгізіліп, жас хирургтарды даярлау жұмыстары жалғасуда.
#Семей, #Здоровье, #Врач, #Абайская область