Абай облысында денсаулық сақтау саласына басымдық берілуде

Абай облысында денсаулық сақтау саласына басымдық берілуде

Абай облысында медициналық мекемелердің жабдықталуы айтарлықтай жақсарып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз туры барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков мәлімдеді.

– Бүгінде ауруханаларға реанимациялық жабдықтар сатып алынуда. Оның ішінде күрделі операциялар жасауға мүмкіндік беретін және науқастың жағдайын бақылауға арналған заманауи құралдар бар. Сараптамалық деңгейдегі дефибрилляторлар да әкелінді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Жедел медициналық жәрдем ауруханасының басшысы Ерсін Сәбитовтың айтуынша, ауруханадағы МРТ аппараты күніне 70-ке жуық пациент қабылдайды. Бұл қаладағы осындай мүмкіндігі бар жалғыз аппарат.

– Ауруханада 1200-ден астам қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 150-ден астамы – жоғары білікті дәрігерлер. Жақында тәжірибелі мамандар келіп, біздің дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізуде. Былтырдан бері ауруханамызда ашық жүрекке операция жасаймыз. Биылғы жылдың 9 айында 15 мыңнан астам пациентке көмек көрсеттік, – деді Ерсін Сәбитов.

Сонымен қатар, Талғат Молдабеков облыстың бірнеше ауданында бүйрек ауруына шалдыққан пациенттер үшін жаңа диализ орталықтары ашылғанын жеткізді.

– Үржар, Ақсуат және Көкпекті аудандарында диализ орталықтары іске қосылды. Енді науқастарға облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Биыл, Мақаншы мен Жармада жаңа компьютерлік томографтар орнатылады. Сонымен қатар, Үржарға ангиограф, Аягөзге МРТ аппараты жеткізіледі, – деді ол.

Өңірде неонатология саласы да қарқынды дамып келеді. Перинаталдық орталықың директоры Архат Дайрбековтың айтуынша, жаңартылған ғимаратқа барлық инженерлік жүйелер қосылған, жақын арада нысан пайдалануға берілмек.

– Қазіргі таңда орталықта кадр тапшылығы жоқ, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұдан бөлек, жаңа лифттер мен желдету жүйесі орнатылды, – деп қорытындылады Архат Дайрбеков.


#Абайская область, #Здравоохранение