Абай облысында медицина саласы қарқынды дамуда
Былтыр өңірге 71 жас маман тартылып, резидентурада білім алуға 45 грант бөлінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Медициналық көмекті ұйымдастыру және дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі басшының орынбасары Айсұлу Саимова баяндады.
- Өткен жылы жас мамандарды бөлу нәтижесінде 71 жас қызметкер жұмысқа кірісті. Оның 61-і – қалада, 10-ы – аудандық мекемелерде еңбек етуде. Жергілікті бюджет есебінен жыл сайын резидентурада білім алуға арналған гранттар бөлінеді. 2023 жылы 45 грант бөлінсе, биыл да осы көлемде гранттар қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады, – деді Айсұлу Саимова.
Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысының орынбасары Әсем Орынбаева медицина кадрларымен қамтылу деңгейі 86 пайызды құрайтынын атап өтті.
– Салыстыра өтсек, бұл көрсеткіш республика бойынша шамамен 90 пайыз. Кадр тапшылығы бар, дегенмен 2024 жылы аса тапшы мамандықтар бойынша жұмысқа қабылданғандар саны артты. Олардың қатарында акушер-гинекологтар, неонатологтар, реаниматологтар, соның ішінде – балалар дәрігерлері бар. Сондай-ақ білікті мамандар, оның ішінде балалар хирургі де тартылды. Қазіргі таңда кадрлық жетіспеушілікті жою бағытында нақты жұмыс жоспарлары құрылып, мәселе күн тәртібінде тұрақты қаралуда. 2025 жылы бұл мәселені шешеміз деген ойдамын, – деді Әсем Орынбаева.
Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігін кезең-кезеңімен шешу үшін заманауи медициналық жабдықтар сатып алу, скрининг жүргізуге арналған персоналды оқыту және басқа да шаралар жүзеге асырылуда.
Спикердің айтуынша, былтыр облыстық бюджеттен резидентураға 45 грант бөлініп, кадр даярлауға 43 миллион теңге қарастырылған. Өңірге жоғары білікті дәрігерлер тартылып, оларға қолжетімді тұрғын үй, мансаптық өсу және жұмыс істеуге қажетті жағдайлар ұсынылуда.