Елде қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр

Елде қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр

Бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы елдегі қызылша ауруының таралуы жөнінде статистикалық мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды  abaidan.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап. Министрдің сөзінше, иммунитеті жоқ халықтың жинақталуы инфекциялардың жаңа толқынына ықпал етуде. БҰҰ деректері бойынша, әлемде 67 миллионнан астам бала пандемияға және вакцинацияға деген сенімнің төмендеуі мен басқа да бірқатар факторға байланысты жоспарлы екпе алмаған. Осыған байланысты 415 мыңнан астам жағдай тіркелген. 167 елде қызылша бойынша жағдай күрделеніп отыр. "Біздің елімізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан аса жағдайы тіркелді. Оның 82 пайыздан астамы балаларға тиесілі. Оның ішінде вакцина алмаған балалардың үлесі 83 пайыз. Қызылша аурулары барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгейде Шымкент қаласында байқалады, 3 мыңнан аса жағдай, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында 2 мыңнан аса жағдай", - дейді Ғиниятқызы. Ал Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында мыңнан аса жағдай тіркеліпті. Министрдің айтуынша, сырқаттанушылықтың көп өсуі биылғы қыркүйектен бастап, яғни оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалған. "Нәтижесінде сырқаттанушылық деңгейі екі есе өсті. Қарашада қызылшаның 6 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастарға инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам орын ашылды. Стационарлық емдеуде 2375 бала бар. Төсектерге жатқызу 60 пайызға жетіп отыр. Резерв 1093 орын. Емдеуге жатқызу Жамбыл облысында 92 пайыз, Алматы қаласында 88 пайыз, Түркістан облысында 81, Шымкентте 79 пайыз", - деді министр. Сондай-ақ оның мәліметінше, емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала жансақтау бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бала бар. Өлім-жітім тіркелген жоқ. Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала жоспарлы иммундаумен қамтылыпты, бұл - вакцинацияланатындардың 84%-ы. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда 500 мың доза келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтіледі. Жалпы, қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді.


#Здоровье, #корь