ҚАЗАН АЙЫНАН ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ

ҚАЗАН АЙЫНАН ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ

Қазіргі таңда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық бойынша Абай облысындағы жағдай тұрақты. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап abaidan.kz тілшісі хабарлайды. Абай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаеваның айтуынша, өткен аптада ЖРВИ-нің 1130 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 176,94 құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 58,4% - ға жоғары. 

Өткен эпидемиологиялық маусымда маусымдық тұмаудың 95 жағдайы тіркеліп, тұмаудың екі түрі бойынша В 65,2% (62 жағдай) және А вирусы (H1N1) 34,7% (33 жағдай) басым болды.

Бүгінгі таңда  ЖРВИ және тұмау бойынша жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Осыған байланысты Абай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты 2023 жылдың 2 қазанынан-қарашасына дейін өңірдің барлық аумағында тұмауға қарсы вакцинациядан өтуге шақырады. Вакцинация аумақтық медициналық ұйымдарының егу пункттерінде қолжетімді болады.

Облыста құрамында А (H1N1) PDM 09, A (H3N2) және В вирусының тазартылған антигендері бар, консервантсыз ресейлік "Гриппол плюс" вакцинасының 65 мың дозасы бар.

- Тұмау және COVID-19 сыңды тыныс алу жолдарының инфекцияларының таралуын болдырмауда қолды жуу, бетперде кию және әлеуметтік қашықтық ұстану сияқты қарапайым алдын-алу шараларын сақтану өте маңызды болмақ. Бұл қоғамдық денсаулықты сақтау үшін аса қажет, - деп атап өтті №9 емхананың бас дәрігері Найля Альменева.


#Семей, #Здоровье, #Абайская область