Қызылшадан қорғанудың басты жол - вакцинация
Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы қауіпті дерттің алдын алуға болады. Бұл туралы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Динара Тлекина айтты, -деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Сондай-ақ, ол баласына екпе салдырғысы келмейтін ата-аналар қатары бар екенін атап өтті.
- Ата-аналарды балаларын қызылшаға қарсы қосымша иммундаудан өтуі үшін қажетті ем-дом шараларын қабылдауға шақырамыз. Қызылшаның алдын алу үшін тиісті іс-шаралар уақтылы жүргізілуде, бірақ вирустық инфекциядан қорғанудың негізгі жолы – вакцинация. Екпелерді жүргізу үшін ұзақ уақыт бойы өндіріліп келе жатқан қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Осы уақыт аралығында препараттан ешқандай асқынулар анықталмады, - деді Динара Тлекина.
Абай облысының бас штаттан тыс инфекционисті Имдат Эфендиевтің айтуынша, қызылшаның басты қауіптерінің бірі – оның жоғары жұқпалылығы мен азаматтардың өзін-өзі емдеу әрекеттері.
- Бөлмені жиі желдетіп, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға бармаңыз. Маска тағыңыз. Егер маска бір реттік болса, оны екі сағат сайын ауыстыру аса маңызды. Қызылша вирусы ауа тамшылары арқылы таралады, сондықтан мүмкіндігінше науқастармен байланыста болудан аулақ болыңыздар. Өзін – өзі емдеудің қажеті жоқ, ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігермен кеңесу қажет, - деп атап өтті дәрігер.
Сондай-ақ, инфекционист дәрігер жалпы Абай облысында қызылшамен сырқаттанушылық жағдайы тұрақты, ал ауруханаларда науқастарды емдеу және күтім жасау үшін барлық жағдай қарастырылғанын сөзге тиек етті.
- Қаңтардан бастап сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, бізде тұмаумен, аденовирусты инфекциялармен ауыратын науқастар да бар. Тұмау қызылша сияқты қауіпті. Тұмауды емдеудегі ең басты шарты - уақтылы қаралу. Бұл ретте өзін – өзі емдеумен айналыспай, білікті мамандарға жүгінуді ұсынамыз. Әсіресе, балалардағы тұмауға қатысты болса, - деді Имдат Эфендиев.
#Семей, #Здоровье, #Абайская область