Мамандар адам папилломавирусының алдын алуға шақырды

Мамандар адам папилломавирусының алдын алуға шақырды

Адам папиллома вирусы   - жатыр мойны обырын тудыратын жұқпалы вирус. Көптеген адамдарды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.  Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәрігер - онкогинеколог Әсем Чалдыбаева мәлімдеді.

 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95% - дан астам жағдайда жатыр мойны жаман ауруын,  адам папилломавирусы (АПВ) тудырады. Жатыр мойны обырының 70% АПВ-ның екі (16 және 18) жоғары онкогенді түрі жұғады. Бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Бізде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіштері жыл сайын артуда. Аурудың алдын алудың бірінші құралы –вакцинация, - деп атап өтті дәрігер.

Мамандардың айтуынша, жатыр мойны обыры біздің еліміздегі онкологиялық аурулар арасында 4-ші орында. Ал, гинекологиялық қатерлі ісіктердің ішінде 1-ші орында.

- Жыл сайын жатыр мойны обырынан 1600 әйел дүниеден өтеді, яғни Қазақстан Республикасында күн сайын әрбір екінші әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады, оның үстіне ауру жасарып барады, егер бұрын орташа жасты 45 жас деп есептесек, қазіргі таңда 35 жастағы әйелдерде анықталуда. Біздің облыста 4 айда 20-дан астам әйелде жатыр мойны обыры анықталды.  Ғалымдар жүргізген зерттеулерге сәйкес, вакцинацияланбаған 800 қыздың 18% - ы HPV тасымалдаушысы болып шықты. Ал вакцинаны алған қыздарда тасымалдаушылардың саны тек 0,12% құрады. Сондай-ақ, HPV вакцинациясы әлемнің 135 елінде 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Осы жылдар ішінде вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсететін зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар, вакцинацияланған әйелдер вакцинация алмағандар сияқты жүкті бола алады, - деді Әсем Чалдыбаева.

Бүгінде әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейін 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90% адам папиллома вирусына қарсы егілуін ұсынады. Бұл шара скринингпен және ерте емдеумен қатар 2045 жылға қарай жатыр мойны обырының жаңа жағдайларын 42%-ға төмендетіп, 2070 жылға қарай 14 млн өлімнің алдын алады деп жоспарлануда.


#Здоровье, #Здравоохранение