Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары алғаш рет кәсіби мерекеде марапатталды – ШҚО

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары алғаш рет кәсіби мерекеде марапатталды – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Шара барысында сала үздіктеріне ҚР Премьер-министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі                  ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл сала өзінің бастауын ХХ ғасырдың басынан алады. Сол уақыттан бері санитарлық-эпидемиологиялық қызмет халықтың денсаулығын қорғауда, қауіпті індеттердің таралуына тосқауыл қоюда және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мерекелік жиында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қоғамдағы ерекше орнын атап өтті.

– «Сіздер тәулігіне, тіпті әр сағатта жұқпалы індеттердің алдын алып, қауіпті ошақтарды бақылап, азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етесіздер. Дәл осы жауапкершілік, тәртіп, кәсібилік пен табандылықтың арқасында өңірімізде тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық ахуал сақталып отыр. Бұл – сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің нәтижесі. Халықтың өмір сапасын арттыруға қосып отырған үлестеріңіз зор», – деді облыс әкімі.

Марапат иелерінің қатарында көп жылдан бері салада еңбек етіп, өңір тұрғындарының қауіпсіздігіне өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі мамандар бар. Атап айтқанда, ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен Өскемен қаласының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Замира Бакенова және Ұлан аудандық санитарлық-гигиеналық бақылау бойынша жетекші маман Магира Жунусбекова марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табысталды:

  • Сауле Слямгазина, Евгений Пивоваров, Ардагер Чидербаев – ШҚО СЭБД басшысының орынбасарлары;
  • Гүлнар Калибасова – тамақ объектілерін бақылау маманы;
  • Мария Тердыкбаева – бюджет және бухгалтерия қызметкері;
  • Арман Сағындыков – Өскемен қалалық басқармасы басшысының орынбасары;
  • Шынар Қашкимбаева мен Анар Смамагзумова – инфекцияларды бақылау бөлімінің мамандары;
  • Альфия Касымканова – кадрлық қызмет басшысы;
  • Назерке Шақантаева – мониторинг және тәуекелдерді бағалау маманы;
  • Виталий Руденко – өнеркәсіптік нысандарды бақылау маманы;
  • Назгүл Батталова – жоспарлау және талдау бөлімінің маманы (Глубокое ауданы).

Шығыс Қазақстан облысында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік 13 ауданда қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта 163 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Евгений Пивоваров. – Осы сәтті пайдаланып, барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бұл – өте маңызды мереке, себебі ол бізге алға ұмтылуға, кәсіби міндеттерімізді адал атқаруға қосымша серпін береді.

Бүгінде республика бойынша 12 мыңнан астам маман санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында еңбек етіп жүр. Олар ауыз судың және азық-түлік өнімдерінің сапасын қадағалап, қоршаған ортаның жай-күйін тексереді, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың таралуына жол бермей, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етеді.

– Мен бұл қызметте 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Біздің басты міндетіміз – тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ең алдымен халықты сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге қатысты. Қазір, өздеріңіз білетіндей, көптеген тағам өнімдері әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізіледі, – деп атап өтті тамақ объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Гүлнар Калибасова.

Ол сонымен бірге бұрын СЭС қызметкерлерінің жеке кәсіби мерекесі болмағанын да еске салды.

– Бұған дейін біз Медицина қызметкерлері күнін атап өтетінбіз. Бірақ ол кезде өзімізді сәл шеткері сезінетінбіз. Ал кеше алғаш рет өзіміздің төл кәсіби мерекемізді атап өтіп, ардагерлермен жүздесіп, маңызды мәселелерді талқыладық, – деді ол.

Алдағы уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет заманауи талаптарға сай цифрлық жүйеге көшіп, жұмыс тиімділігін арттыруды көздеп отыр.


#Здоровье, #ВКО