Семейде медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды
Медициналық сақтандыруға қатысты бірқатар мәселелер бар. Оны шешу жолдарын шұғыл қарастыру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Семей қаласында болған сапарында айтты. Депутат шаһардағы бірқатар медициналық нысандарды аралады. Денсаулық сақтау саласына қатысты туындаған сұрақтарға Нұртай Салихұлының ұсынысымен келген «ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов жауап берді. Кездесулер Семей қаласының №7 емханасы мен Жедел медициналық жәрдем ауруханасында, Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы мен Облыстық перинаталдық ауруханада өтті.
Перинаталдық орталықта Абай облысында дүниеге келген үшемдердің ата-анасын құттықтады. Екі қыз, бір ұлды болған отбасы нәрестелеріне Бегімай, Бек-Мұхаммед, Бегайым деген есімдер берген. Оған дейін отбасында 5 бала бар екен. Нұртай Салихұлы үшемдердің денсаулықтарының мықты болып, еліміздің қалаулы азаматтары болып өсуіне тілектестігін білдірді.