Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы заманауи құрылғылармен жабдықталды

Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы заманауи құрылғылармен жабдықталды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының жұмысымен танысты.

Ауруханада ангиографиялық операциялар жасайтын жаңа зал ашылған. Мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін, заманауи «Philips Azurion 5 M20» құрылғысы орнатылған. Бұл аппараттың көмегімен ишемиялық және геморрагиялық инсульт, миокард инфарктісі сияқты күрделі диагноздар бойынша жоғары дәлдікпен ота жасауға мүмкіндік бар. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба аясында гибридті операциялық зал толық іске қосылып, енді бір залда екі ангиограф қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде науқастарға жоғары мамандандырылған және уақтылы медициналық көмек көрсетуге септігін тигізеді.

«Мұндай заманауи ангиограф облысымызда бұрын болған жоқ. Облыстық бюждеттен бөлінген қаражатқа осындай заманауи, жоғары технологиялық өңір медицинасы үшін де, жедел медициналық жәрдем ауруханасы үшін де аса қажет жабдыққа қол жеткізіп отырмыз» – дейді аурухананың бас дәрігері Ерсін Сәбитов.

Аймақ басшысы аурухана базасында жұмыс істейтін «Диабет мектебінің» қызметімен де танысты. Бұл – қант диабетімен ауыратын науқастар мен олардың жақындарына арналған білім беру бағдарламасы. Мұнда пациенттер ауруды бақылау, дұрыс тамақтану, дәрі-дәрмектерді пайдалану және асқынулардың алдын алу бойынша кеңес алады. Сабақтарды дәрігерлер мен мамандар жүргізеді.

Облыс әкімі сондай-ақ пациенттерді қолдау орталығында, гематология бөлімшесінде болып, дәрігерлермен пікірлесіп, зертханалық жұмыстарға арналған заманауи жабдықтарды, оның ішінде ламинарлы шкафтың жұмысын көрді. Бұл құрылғы стерильді ортаны қамтамасыз етіп, зерттеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысына аурухана ғимараты шатырындағы күрделі жөндеу туралы да баяндалды. Қазіргі уақытта жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Облыс әкімі мердігерлерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Көпбейінді стационар ретінде жұмыс істейтін аурухана 375 орынға арналған және тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Мұнда инсульт орталығы, кардиология, нейрохирургия, эндокринология, гематология және басқа да маңызды бөлімдер жұмыс істейді. Ауруханада 1024 адам еңбек етеді. Оның ішінде 149 дәрігер, 433 орта буын медицина қызметкері бар. Жыл сайын 39 мыңға жуық адам қабылданып, 18 мыңға жуығы стационарлық ем алады. Мұнда 12 операциялық зал жұмыс істейді. Жылына 9 мыңға жуық күрделі ота жасалады.

Медициналық мекемені аралап, қызметімен танысқан аймақ басшысы өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.

«Жыл басында, қаңтар айының соңында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 10 санитарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстадық. Былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, облыстық бюджет қаражаты есебінен лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөлік сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына, 33 автокөлік аудандағы медициналық ұйымдарға беріледі. Жаңа көліктерді биылғы қыркүйек айына дейін табыстайтын боламыз. Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», –  деді Берік Уәли.


#Семей, #Абайская область, #Здравоохранение