Абай облысының әкімі 1907 жылы бой көтерген тарихи ескерткішке барды
Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы тарихи-мәдени нысандардың бірі Ақкөл мешітіне барды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыланды ауылы аумағында орналасқан бұл бірегей сәулет нысаны 1907 жылы бой көтерген. Бір қабатты ағаш құрылымның басты ерекшелігі мешіт құрылысына бірде-бір шеге қолданылмаған. Құнды ағаш түрлерінен салынған ғимарат бүгінде республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына енген. «Омбы – Майқапшағай» бағытындағы республикалық автожол бойынан анық көрінетін бұл мешіт – өткен ғасырлардан сыр шертетін құнды мұра.

Мешітті жергілікті көпес, қажылық парызын өтеген Сұлтан Фазылбеков салдырған. Кеңес дәуірінде мешіт ғимаратында бастауыш мектеп, кейін кітапхана мен ауылдық клуб орналасқан.2023 жылы мешіт демеушілер мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен жөндеуден өтті. 120 жылдан астам тарихы бар ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы тәу етіп келушілерге қолайлы жағдай жасау және нысанды жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында жол бойына арнайы нұсқаулық белгі орнату қажеттігін айтты.
#Абайская область, #Аким области Абай, #религия