Бүгін – Қадір түні
Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.
Muslim.kz жазуынша, Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.
Қадір түнінде не істеу керек?
Қадір түні жасаған күнәлар үшін кешірім сұрап, өкініп, көп дұға еткен жөн. Құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт - қадір түні. Сонымен қатар, Құран оқып, мағынасын түсініп, діни білім алған абзал екені айтылады.
Қадір түні ұйықтамау шарт па?
"Рамазан оразасына қатысты пәтуалар" кітабында Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс екені, бірақ ұйықтамай өткізу шарт емесі жазылған. Себебі Айша анамыз:
"(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес"[1], - дейді.
Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршаса кішкене тынығып, кейін ары қарай құлшылығын жалғастырудың оқасы жоқ.