Абай облысында «Семей орманы – жасыл аймақ» акциясы өтті
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы Бородулиха ауданында басталды. Ауданның «Семей орманы» аумағында «Семей орманы – жасыл аймақ» ағаш отырғызу бойынша кең ауқымды акция өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, белсенді жастар, студенттік ұйымдар, еңбек ұйымдары, Семей қаласы мен Бородулиха ауданының мекемелерінен 1 000 -нан аса адам қатысты.
«Бүгін тұтас ел көлемінде кең қолдауға ие болған «Таза Қазақстан» - экологиялық акциясы шеңберінде, облысымызда ерекше маңызы бар шара өтуде. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл акцияның арқасында Отанымыздың әр облысы, қаласы мен ауылы абаттанып, көшеттер отырғызылып, өңіріміз жаңа кейіпке еніп келеді. Бұл «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген игі дәстүрдің жалғасы», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Бұл науқанның негізгі мақсаты – көшет отырғызу арқылы экологиямызды жақсартып, қарағайлы орманымызды жедел қалпына келтіру.
Акция барысында Воскресеновка ауылының маңындағы орман алқабындағы 5 га аумақта 23 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды. Жалпы «Семей орманы» резерватында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері 50 мыңнан астам көшет егілген.
Айта кетейік, Бородулиха ауданының аумағы 698 992 га жерді алып жатыр, оның ішінде орманды алқап – 87 773 га болса, су айдындары – 14 301 га. Биыл аудан көлемінде 7 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Ағаш отырғызу акциялары тұрақты түрде өткізілетін болады.
#Экология, #Абайская область, #Аким области Абай, #Акция" Таза Қазақстан"