Абай облысында «Таза жағалау» акциясы өтті: табиғатты аялау – ортақ міндет

Абай облысында «Таза жағалау» акциясы өтті: табиғатты аялау – ортақ міндет

Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді тазалық шаралары ұйымдастырылды. Соның аясында 2025 жылғы 27 маусымда Шүлбі кентінде және Бесқарағай ауданының Шипалы көлі маңында «Таза жағалау» атты экологиялық акция өтті.

Шараның басты мақсаты – су айдындарының жағалауын және халық көп жиналатын демалыс орындарын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, сондай-ақ тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен қатар қоғамды экологиялық жауапкершілікке шақыру, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен бастама.

Акцияға жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Қатысушыларға арнайы қолғаптар мен қаптар таратылып, қалдықтарды сұрыптап жинау ұйымдастырылды. Өзен-көл жағалауларынан тұрмыстық қалдықтар мен пластиктер жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, экологиялық тақырыптағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, табиғатты қорғауға бағытталған жадынамалар мен парақшалар таратылды.

Шараның ұйымдастырушыларының бірі, Жастар ресурстық орталығының маманы Ерсінбек Өрлеубек аталған акцияның мән-маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл тек бір реттік тазалық шарасы емес. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуді көздейді. Біз табиғатты тұтынушы ретінде емес, оның бір бөлшегі ретінде қабылдауымыз керек. Әр азаматтың үлесі – ортақ игілікке бағытталған нақты әрекет. Жастардың белсенділігі мен тұрғындардың қолдауы бізді қуантады. Бұл – еліміздің ертеңі үшін жасалған жарқын қадам, – деді Ерсінбек Өрлеубек.

Шүлбі кентімен қатар, Бесқарағай ауданындағы Шипалы көл жағалауында да белсенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындар мен еріктілер өз күштерімен көл жағалауын қоқыстан тазартып, экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлестерін қосты.

«Таза Қазақстан» – еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды бағдарлама. Ол еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде өткізіліп, қоғамда экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастырудың маңызды құралына айналып келеді. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қолдауын қажет етеді. Табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы. Тек біріге отырып қана біз қоршаған ортаны сақтап, келер ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы табиғи орта қалдыра аламыз.


#Экология, #Абайская область, #Акция" Таза Қазақстан"