Өңірде 38 жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізілді

Өңірде 38 жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізілді

Абай облысы бойынша Экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 2025 жылы 38 жоспардан тыс бақылау жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков мәлімдеді. Семей қаласындағы «Семей Водоканал» МКК тексеру жүргізілді. Тексеру барысында құдықтан тазартылған ағынды сулардан зертханалық сынамалар алынып, олардың нәтижесі бойынша қатты заттар мөлшері рұқсат етілген шектен 2,7 есе, ал хлоридтер бойынша 1,5 есе артқаны анықталды. Бұл факті бойынша «Семей Водоканал» МКК қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жалпы сомасы 52 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Қазіргі уақытта Абай облысы аумағында қоршаған ортаға әсер ететін I санатқа жататын 58 кәсіпорын және II санатқа жататын 160 кәсіпорын жұмыс істейді.

-  «Семей қаласының шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томы» жобасы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 205-бабына сәйкес әзірленіп бекітілді. Жоба аясында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде автокөліктерден жылына 13 135,3 тонна, монша кешендерінің қазандықтарынан 1 141,13 тонна, ал жеке секторды жылыту көздерінен жылына 23 771,6 тонна ластаушы заттың атмосфераға шығарылатыны анықталды, - деді Оралхан Әуезбеков.

Жаңа нысандардың салынуына байланысты қуаттылықты арттыру мақсатында «Габбасова» және «Центр» қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жобалар аясында бір қазандық агрегаты іске қосылып, қосымша  қапшықты сүзгілер орнатылды.


#Экология, #Абайская область