«Семей орманы» резерватының аумағына 28 млн 700 мың жас өскін егіледі
«Семей орманы» резерватының аумағына 28 миллионнан астам жас өскін егіледі, -деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі «Семей орманы» резерватының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында бес жыл ішінде орман қорына 2 миллиардтан астам және елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызуды міндеттеген еді.
ҚР Президентінің 01.09.2020 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен Кешенді жоспарға сәйкес "Семей орманы" резерватында 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын ағаш отырғызу аумағын арттыра отырып, 6100 га дейін ұлғайту көзделген болатын. 2025 жылға дейін (қоса алғанда) резерват аумағының 25 400 га жеріне жалпы саны 119млн 400 мың дана кәдімгі қарағай көшеттерін отырғызу жоспарланған-ды.
2021 жылы 3600 га аумаққа 17 млн кәдімгі қарағай көшеті егілсе, 2022 жылы21 млн 100 мың дана (4 504,0 га), 2023 жылы 11 млн 248,5 мың (2440,1 га)өскін орман алқабына отырғызылды. Егу материалының жетіспеушілігіне байланысты (12 млн 652 мың дана 2659,9 га аумаққа егілуге тиіс болған) өткен жылы жоспарды орындау мүмкін болмады. Осылайша, үш жыл ішінде 10544,1 га орман аумағына 49 млн 348 мың 500 түп өскін егілді.
Биыл - 2024 жылы 6100 га орман алқабына 28 млн 700 мың жас өскін егіледі.
«Семей орманы» мемелекеттік орман табиғи резерватының филиалдарында дәстүрлі әдіспен ашық тамыр жүйелі өскін өсіретін 8 орман тұқымбағы және жабық тамыр жүйелі өскін өсіретін Орман питомнигі және орман тұқым станциясы кешені жұмыс істейді. Дәстүрлі тәсілмен ашық тамыр жүйелі өскіндер екі жыл өсіріледі.
Сонымен қатар, «Семей орманында» жабық тамыр жүйелі өскін өсіру де жолға қойылған.
Жылыжайда өсірілетін өскіндер
2016 жылы Халықаралық Қайта құру және Даму банкі қаржыландырған "Республиканың ормандарын сақтау және орман алқаптарын ұлғайту" жобасы шеңберінде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Канонер филиалының аумағында автоматтандырылған және ішінара автоматтандырылған желілері бар Орман питомнигі және орман тұқым станциясы кешені іске қосылған болатын. Заманауи швед құрылғыларымен жабдықталған станция қарағай бүршігін өңдеп, сапалы тұқым алуды, кассеталарға тұқым сеуіп, олардан жабық тамыр жүйелі қарағай көшеттерін жеделдетілген технология бойынша өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Осының арқасында мұнда жарты жыл ішінде 3 миллионға жуық жабық тамыр жүйелі өскін өсіріледі. Ол жыл сайын 95 пайыздан жоғары көрсеткіштегі нәтижемен өнім беріп келе жатыр.
Тұқым арнайы техника көмегімен кассеталарға егіліп, 530 темір тұғырға қойылған 13250 кассета үш жылыжайға орналастырылады.
Тұқым егілген кассеталар сәуір айының басында жылыжайға орналастырылса, маусым айының ортасында немесе соңында шынықтыру алаңына шығарылады. Ал, жылыжайларға тұқым себілген жаңа кассеталар әкелінеді. Бұлар – екінші ротациядағы өскіндер мұнда күзге дейін өсіріліп, бірден орман алқабына жөнелтіледі.
Бұл технология өскінді бір жылда өсіруге, тіпті, екі рет өнім алуға мүмкіндік береді. Үш жылыжайда 1590 дана өскін өсіру мүмкін екенін ескерсек, екі ротацияда 3 миллионнан астам жабық тамыр жүйелі өскін өсіріледі. Жабық тамыр жүйелі өскіндер дәстүрлі әдіспен өсірілген өскіндерге қарағанда сапасы жоғары, яғни өміршең келеді. Өйткені, оны орман алқабына егу кезінде тамыр жүйесіне зақым келмейді әрі кеуіп қалмайды. Бұл олардың жақсы жерсінуіне ықпал етеді.