Семейде қоқыс алаңдарына қатысты талап бұзушылықтар әлі де кездеседі
Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару саласында бірқатар мәселе әлі де өзекті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары айтты.
Басқарма басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатырдың айтуынша, қалдықтармен тиімді жұмыс істеу «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Бағдарлама аясында 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу көзделген.
– Халық санының өсуі мен қала аумағының ұлғаюы қалдықтарды басқару жүйесіне түсетін салмақты көбейтіп отыр. Басқармаға қоқыстың уақытылы шығарылмауы, контейнерлік алаңдардың талапқа сай күтіп ұсталмауы және санитариялық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдар жиі түседі, – деді спикер.
Оның айтуынша, жиі кездесетін кемшіліктердің бірі – контейнерлік алаңдарды орналастыру кезінде санитариялық арақашықтық талаптарының сақталмауы.
– Кей жағдайда контейнерлер тұрғын үйлерге, қоғамдық ғимараттарға, балалар және спорт алаңдарына тым жақын орналастырылады. Мұндай жағдайлар әсіресе жаңа тұрғын үй кешендерінде кездеседі, – деді Әділ Қалдыбатыр.
Сонымен қатар кейбір контейнерлердің қақпағы жоқ немесе техникалық жағдайы талапқа сай емес.
– Бұл жағымсыз иістің таралуына және қоқыстың жан-жаққа шашылуына себеп болады. Бұдан бөлек, қалдықтарды дер кезінде шығармау салдарынан контейнерлер толып кетеді. Соның салдарынан айнала ластанып, жәндіктердің, кеміргіштердің және қаңғыбас жануарлардың көбеюіне жағдай туады, – деді басқарма өкілі.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өнеркәсіптік және коммуналдық нысандарды бақылау бөлімінің басшысы Ажар Жадранова қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығаруға қойылатын талаптарға тоқталды.
– Қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау және көму жұмыстарын мамандандырылған ұйымдар жүргізуге тиіс. Контейнерлік алаңдар қатты жабын, қоршау және кіреберіс жолдармен қамтамасыз етілуі қажет. Ал контейнерлер қақпақпен жабдықталып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан қауіпсіз қашықтықта орналасуы керек, – деді спикер.
Мамандардың айтуынша, жағдайды жақсарту үшін қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту, қоқыс шығару жүйесін жетілдіру және санитариялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау қажет.
#Семей, #Экология, #мусор, #Акция" Таза Қазақстан"