Семейде күзгі санитарлық тазалық акциясы өтеді
Семей қаласының әкімдігі 9 қыркүйек пен 9 қазан аралығында күзгі экологиялық тазалық акциясын жариялайды. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Оның аясында әкімдік қала тұрғындарын, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелердің басшыларын, жеке кәсіпкерлер мен жер учаскелерінің меншік иелерін тазалық науқанына белсенді қатысуға шақырады.
Тұрғындардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың қаладағы тазалық пен санитарлық тәртіпті қалпына келтіру және сақтау бойынша барлық бастамаларын қолдаймыз. Қаланы жүйелі түрде тазалау, қатаң бақылау – бір реттік шара емес, ол күнделікті тынымсыз еңбек. Бұл – туған қаламыздың игілігі үшін бар күш-жігерін аямайтын жандардың ортақ қолдауы.Белгілі бір жыл мезгілдерінде, мерекелерде, мерейтойларда ғана емес, үнемі тазалық пен тәртіпті сақтауға, балаларымызды таза өмір сүруге тәрбиелеуге шақырамыз. Барлығымыз қаламызды көркейтуге үлесімізді қосайық!-делінген хабарламада.