Семейде сенбілік қарқыны: өндіріс орындары қолдау көрсетті
Семейде жалпықалалық сенбілік аясында тазалық жұмыстары қарқын алды. Бұл игі іске қаладағы ірі өндіріс орындары да белсенді түрде атсалысуда. Соның бірі – «Семей Цемент зауыты» өндірістік компаниясы» ЖШС ұжымы. Бұл туралы қала әкімі Әділет Қожанбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Қала басшысы аталған бастаманың маңыздылығына тоқталып, сенбілікке қатысқан барлық мекеме ұжымдарына алғыс білдірді..

Аймақ басшысы Абай облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жалғасатынын атап өткен болатын. Осы бастама аясында Семей қаласында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке цемент зауытының қызметкерлері белсене қатысты.Іс-шара барысында кәсіпорынның 80-ге жуық қызметкері жұмылдырылып, қала аумағындағы белгіленген учаскелерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қоқыс жинап, айналаны ретке келтіріп, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты,-деді Әділет Қожанбаев.
Кәсіпорынның экология бөлімінің басшысы Асхат Қаратаевтың айтуынша, ұжым үшін мұндай шараларға қатысу – дәстүрге айналған. Оның сөзінше, зауыт қызметкерлері жыл сайын сенбіліктерден қалыс қалмай, қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән береді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан мұндай шаралар қала тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да оң ықпал етуде.

#Семей, #Экология, #Акция" Таза Қазақстан"