Таза Қазақстан: Семейде Бейбітшілік аралында тазалық акциясы өтті

Таза Қазақстан: Семейде Бейбітшілік аралында тазалық акциясы өтті

Семей қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында кезекті экологиялық акция өтті. Іс-шара белсенді жастарды қарапайым, бірақ маңызды ұстаным – тазалық әр адамнан басталатыны төңірегіне біріктірді. Бастама қоршаған ортаны қорғауға, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Акция Бейбітшілік аралы аумағында өтті. Мұнда жоғары оқу орындарының студенттері мен ерікті жастардан құралған шамамен 50 адам ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, демалыс орындарын ретке келтірді. Олар табиғатты қорғау үшін көп сөз емес, нақты әрекет қажет екенін өз үлгілерімен көрсетті. Жиналған барлық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе, жастардың белсенділігі ерекше мәнге ие. Олар экологиялық жағдайды жақсартуға нақты үлес қосып қана қоймай, қоғамға дұрыс бағыт-бағдар береді.

Сенбілікке қатысқан студент Айхан Аханов мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай акцияларға қатысу әрбір жас үшін маңызды. Тазалық – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Біз тек айналаны тазалап қана қоймай, қоршаған ортаға деген көзқарасты қалыптастырамыз. Әркім өзінен бастаса, көп нәрсені өзгертуге болады. Табиғатты сақтау – бәрімізге ортақ міндет», – деді ол.

Айта кетейік, 4 сәуір күні өңірде санитарлық-экологиялық екі айлық аясындағы алғашқы сенбіліктер өтті. Оған 15 мыңнан астам тұрғын қатысып, мыңнан астам ұйым мен жүздеген техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1857 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» экологиялық акциясы белсенді түрде жүзеге асуда. Оған жастар, эко-белсенділер мен блогерлер қатысып, тазалық жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп, өзгелерді де табиғатты аялауға шақыруда.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы адамдарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеп, үлкен өзгерістердің әр адамның қарапайым ісінен басталатынын еске салады.


#Семей, #Экология, #субботник, #Акция" Таза Қазақстан"