Абай облысында құрылыс және инфрақұрылым жобалары жүйелі жүзеге асуда

Абай облысында құрылыс және инфрақұрылым жобалары жүйелі жүзеге асуда

Абай облысында тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли төрағалық еткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу және қала құрылысы жобаларын іске асыру мәселелері қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысып, аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов пен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов баяндама жасады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 42,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Қазіргі таңда Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 13 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Сонымен қатар 342 пәтерлік төрт жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 18 коммерциялық тұрғын үй салынып жатыр. Оның 15-ін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Өңірде бүгінде 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, Қарашоқы шатқалы аумағындағы балалар лагері, Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге жапсаржай құрылыстары, Үржар ауданы аумағындағы коронарлық араласу орталығы, Аягөз ауданы ауруханасы жанындағы МРТ ғимараты, Курчатов қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Бесқарағай ауданы аумағындағы жүзу бассейнінің құрылыстары жүргізілуде. Сонымен бірге бірқатар мәдениет үйлері мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл жоғары дайындық деңгейіндегі әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар өңірде жобалау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Абай облысы құрылғаннан бері 141 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның 68 жобасы іске асырылған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы 12 ірі жоба әзірленіп жатыр.

Жиында облыс әкімі Берік Уәли құрылыс басқармасына «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруды, мерзімі созылған нысандарға бақылауды күшейтуді және тұрғын үй құрылысы бойынша жылдық жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өңірдің тұрақты дамуы үшін тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысын күшейту маңызды екені сөзсіз. Қазіргі таңда Абай облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және аймақтың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар құрылыс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Біздің негізгі міндетіміз, ұстанымымыз – қағаз жүзіндегі есеп емес, сапалы әрі нақты орындалған жұмыс. Яғни, нәтиже күтеміз. Құрылыс нормаларының сақталуы, атқарылатын жұмыстардың сапасы, кемшіліктерді дер кезінде түзету, сондай-ақ рұқсат беру және жобалық құжаттаманы заң талаптарына сай жүргізу басты назарда болуы тиіс», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ жиында Семей, Аягөз, Курчатов және Шар қалаларының, Алакөл жағалауы мен Бақты ауылы бас жоспарларына түзету енгізу жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Облыс әкімі қала құрылысы құжаттамасы өңірді дамытудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бас жоспарлар елді мекендерді кешенді дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді орналастыруға, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық бастамаларды жүйелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжаттамаларды сапалы әрі уақытылы әзірлеу құрылыс саласындағы жұмыстардың үйлесімді жүргізілуіне және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей әсер ететінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.


#Абайская область, #строительство, #инфраструктура