Абай облысында ірі ет комбинаты салынып жатыр

Абай облысында ірі ет комбинаты салынып жатыр

Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына қарасты Достық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің ет комбинатының құрылыс алаңында болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Аймақ басшысы нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.

Аталған кәсіпорын етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіруге маманданады. Жобаның өндірістік қуаты жоғары: бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндік бар. Сонымен қатар кәсіпорын тәулігіне 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығармақ. Жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 11 400 тонна дайын өнімді құрайды.

Инвестициялық жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Қазіргі таңда нысанда 50 жұмысшы еңбек етіп, 10-нан астам техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазандық ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға да серпін береді.

Облыс әкімі өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін айтты.

– Ет комбинатының орны өте жақсы таңдалған. Облыс орталығынан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан. Су, жол, электр қуаты толық бар. Республика көлемінде мұндай ауқымды ет комбинаты сирек. Бұрынғы Семей ет комбинатының брендін осы инвестор қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл – үлкен сенім жүктейтін жоба. Оның үстіне өндіріс қалдықсыз болады. Сүйек майы алынып, терісі де өңделеді. Мердігер компания құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, нысанды мерзімінде аяқтауы қажет, – деді Берік Уәли.

Айта кетейік, жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін өңірдегі ет өнімдерін өңдеу көлемі артып, экспорттық әлеуетті дамытуға мүмкіндік туады деп күтілуде.


#Абайская область, #экономика, #Жанасемей