«ADAL AS»  компаниясы 15 жылдық мерейтойын атап өтті

«ADAL AS» компаниясы 15 жылдық мерейтойын атап өтті

 

«Адал-АС Trade» ЖШС мақсаты - жасанды қоспасыз экологиялық таза өнімнен ұлттық тағамдар өндіру. Ұлттық тағамның құндылығы мен құнарлылығын халыққа насихаттау, сапасын арттыру. Естеріңізге сала кетсек, «Адал АС» сауда белгісімен өндірілген алғашқы өнім - бидайдан жасалған талқан. Талқан – тоқ, әрі тойымды тағам. Қазіргі кезде осы талқанның негізінде дәстүрлі жентпен қатар, балмен араластарылған жент, заманауи талаптарға сай шоколадтағы жент түрлері өндіріледі.  Компанияда шығарылатын өнімдер ішінде бауырсаққа деген сұраныс жоғары.  Бүгінгі күні тұтынушылардың талғамына сай бауырсақтың алуан түрі жасалады. Дәстүрлі той бауырсақ, жол бауырсақ, ши бауырсақтармен қатар соңғы уақытта шай бауырсақ пен қойдың құйрық майынан жасалған бауырсақтар да дүкен сөрелерінен лайықты орын алды. 

Өндіріс орны халықтың денсаулығына пайдалы жаңа өнімдерді шығаруда. Соның бірі – «AS TAL» коктейлі. Табиғи таза өнім. Ешбір қоспасыз дайындалғандықтан денсаулықты жақсартуға септігі мол. Ағзаны тазарту, күш-қуат беру, қан қысымын реттеу, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендету, салмақ азайтуда таптырмас өнім. Оның негізі -  талқаннан құралған. Алматы технологиялық университеті Азық-түлік өнімдерінің сапа мен қауіпсіздігін бағалау ғылыми-зерттеу зертханасы мен «Alikhan Bokeikhan University» зертханасында зерттеуден өткен.

«Адал Ас» компаниясы облыс көлемінде ғана емес, сонымен қатар еліміздің тамақ өнеркәсібінің дамуына да үлес қосуда. Бүгінде компания 60-қа жуық өнім түрін шығарады. Барлық өнімдер сертификатталған. Тауарлар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларында сатылады. Компанияның 15 жылдығына орай, «Даму» бағдарламасы арқылы сатып алынған жаңа ғимарат салтанатты түрде ашылды. Шашу шашылып, бата берілді. 

Жиналғандар жаңа ғимаратты аралап, компания өнімдерінің дәмін татты. 

 

Мерекелік шара салтанатты жиынға ұласты. Оның барысында «Адал-АС Trade» ЖШС құрылтайшысы Ермек Мезібаев қонақтар мен қомпания ұжымын айтулы күнмен құттықтап, алғысын жеткізді. 

Компанияның HR директоры Р.Мадвасова Ұлттық өнім өндіретін компанияның 15 жылда жеткен жетістіктері мен алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндама жасады.

Мерекелік шараға қатысқан Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев «Адал-АС Trade» ұжымын мерейтойларымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Компания құрылтайшысы Ермек Мезібаевқа «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалін тапсырса, өндіріс орнының дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар еңбеккерлерге облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. 

 

Сондай ақ облыстық мәслихат депутаты Уәлихан Майжанов Абай облыстық мәслихаты төрағасының атынан Алғыс хат табыстады. 

Еңбегімен еленген ұжым мүшелері Абай облыстық және Семей қалалық ауылшаруашылық бөлімдері басшыларының Грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұған қоса Абай облысы «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасы, Халық банк АҚ, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры өкілдері мен Шәкірім университетінің басқарма төрағасы-ректор Думан Орынбековтың және басқа да бірқатар мекемелердің құттықтаулары тапсырылды. 

Салтанатты шара барысында «Адал-АС Trade» ЖШС құрылтайшысы Ермек Мезібаев БАҚ, шаруашылық және есеп салаларында қызмет еткен әріптестер мен серіктестерді 15 жылдық мерейтоймен құттықтап, Алғыс хаттар тапсырды.

Ұлттық киім киген өнерпаздар мерекелік залды әсем әуен мен тамаша күйге бөлеп, салтанатты жиынның сәнін келтірді. 

Шара соңында келушілер назарына «Адал-АС Trade» ЖШС өнімдерінің көрмесі ұсынылды. 

Бүгінде «ADAL AS» өндірістік компаниясы ұлттық өніммен бірге түрлі тәтті тоқаштар, печеньелер пісіріп кондитерлік өнімдер қатарын толықтырып келеді. Той, мерекелік шараларға тапсырыстар орындап, жасанды қоспасыз тәттілермен тұтынушылар көңілінен шығуда. Алдағы жоспары - қазақстандық тауардың әлемдік нарықта танымал болуын қамтамасыз ету.Сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өніммен танылып халық игілігі үшін қызмет ету. 


#Семей, #Абайская область, #праздник, #Ас ТаL, #Адал Ас