«АДАЛ АС» компаниясы – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздік өндірушілері қатарында

«АДАЛ АС» компаниясы – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздік өндірушілері қатарында

Астанада ауылдық жерлердің кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесі өтті. Биылғы көрме еліміздің 20 өңірінен келген 50 отандық өндірушіні біріктірді. Олардың қатарында табиғи таза өнімдер өндіруімен танымал «Адал Ас» компаниясы да бар,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі  atameken.kz сілтеме жасап.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ауылдық жерлердегі шағын және микробизнесті қолдауға және дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жоба Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық экономика министрлігінің бірлесуімен жүзеге асырылуда.

Көрме барысында қатысушылар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, тұтынушылармен және бизнес серіктестермен тікелей пікір алмасты. Көрме стендтерінде табиғи азық-түлік өнімдері, қолөнер бұйымдары, тоқыма және косметикалық тауарлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған инновациялық жобалар қойылды.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев өңірлердің тұрақты дамуы үшін жобаның маңыздылығын атап өтіп, ауыл кәсіпкерлеріне табыс тіледі.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова өз құттықтау сөзінде жобаның кәсіпкерлікті дамытудағы рөлін ерекше атап өтті:

«БАБӨ жобасы – бұл тек конкурс немесе көрме емес, шынайы кәсіпкерлік мектебі. Біз жыл сайын өнім сапасының артып, ассортименттің кеңейіп, маркетинг пен орам деңгейінің жақсарып келе жатқанын байқаймыз. Әрбір бренд – еңбек, білім және өз ісіне деген махаббаттың жемісі. Біздің міндетіміз – осындай кәсіпкерлерді жаңа нарықтарға шығарып, ұлттық экономиканың тұрақты ойыншыларына айналдыру», – деді ол.

Көрмеде «Адал Ас» компаниясының ерекше табиғи өнімдері көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Әсіресе, денсаулыққа пайдалы әрі дәмді «AS TAL» коктейлі көрме қонақтарының жоғары бағасына ие болды. Көптеген келушілер өнімнің дәмін татып көріп, өндірушілермен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. 

Компания өкілдерінің айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл кәсіпорындарына жаңа серпін беріп, ұлттық брендтерді  қалыптастыруға жол ашуда.

«Бұл жоба бізге тәжірибе алмасуға, нарықты зерттеуге және өз өнімімізді кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Ең бастысы – ауылдық жерде жасалған өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілетті екенін дәлелдедік», – дейді компания өкілдері.

«Атамекен» ҰКП атынан отандық өндіріс өнімін дамытуға қосқан үлесі мен «Бір ауыл – бір өнім»жобасы финалистерінің республикалық көрмесіне қатысқаны үшін «Адал Ас» компаниясының директоры Раушан Мұқажанова Алғыс хатпен марапатталды.

«Бір ауыл – бір өнім» бастамасы Қазақстанда 2023 жылдан бастап Жапония тарапының қолдауымен кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Жоба ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттырып, отандық өндірістің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуда.


#Абайская область, #Астана, #Адал Ас