Берік Уәли: Экономикалық өсім сақталып, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында 2026 жылғы қаңтар айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру барысы қаралды. Жиынға облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысып, қала және аудан әкімдері бейнережим арқылы қосылды,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметніе сілтеме жасап. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Тұңғышханқызы баяндағандай, 2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,5 пайызды құрады. Нәтижесінде облыс республика өңірлері арасында алғашқы алтылыққа енді.

Негізгі өсім инвестиция (137,4%), көлік (136%), өңдеу өнеркәсібі (127,1%), өнеркәсіп (106,5%), ауыл шаруашылығы (104,6%), ішкі сауда (104,2%) және байланыс (103,6%) салаларында қалыптасты.

Қаңтар айында өңірге 16,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 11,1 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір жоғары. Инвестиция көлемі бойынша облыс өңірлер арасында алғашқы үштікте тұр.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 49,4 млрд теңгені құрап, аймақ республика бойынша 1-орынды иеленді.

Облыс әкімі оң динамиканы сақтау үшін жүйелі жұмыс пен қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
– Өткен жылы бірқатар маңызды экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткіздік. Бұл қарқынды биыл да жалғастыру үшін ұйымдасқан жұмыс пен тұрақты бақылау қажет. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерге экономиканы әртараптандыру, сапалы инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша нақты міндеттер жүктеді. Осы тапсырмаларды орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Марат Аленовтің мәліметінше, өткен жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар артығымен орындалған.
Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында жаңадан ашылған кәсіпорындарға 10 360 адам жұмысқа қабылданды.
Сонымен қатар:
- бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 205 грант берілді;
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 103 микрокредит ұсынылды.
Биыл облыста 13 324 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген.
Аймақ басшысы өткен аптада басталған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасына да тоқталды. Жоба ауылдық аумақтардың дамуын жандандыруға, кадр тапшылығын азайтуға және демографиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
– Жұмыс орындарын тек сан жағынан көбейту жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың тұрақты болуы және еңбеккерлерге қолайлы жағдай жасалуы. Әрбір әкім өңірлік жұмыспен қамту картасының сапалы орындалуына жіті назар аударуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Отырысты қорытындылаған аймақ басшысы жауапты орынбасарына жетекшілік ететін салалардағы даму жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді, көрсеткіштерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасын толық әрі сапалы іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру жоспарын орындау және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру міндеті қойылды.
Облыста экономикалық өсімді сақтау мен халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
#Абайская область, #Трудоустройство, #экономика